Көлігін сатып, балаларды халықаралық жарысқа апарған бапкердің қызы чемпион болды
Өз балаларынан бөлек, Екібастұз бойынша 100-дей бала оның тәлімін алуда
Екібастұздық алты жасар Хадия Құнаева джиу-джитсудан Әбу-Дабиде өткен халықаралық додада KIDS 2 санатында мерейі үстем болып, әлем чемпионы атанды. Финалдық кездесуде жеткіншек Біріккен Араб Әмірлігінің өкілінен басым түсті, деп хабарлайды Kazinform.
Чемпион қызды әкесі жаттықтырады. Бұл отбасында Хадиядан бөлек тағы бес бала джиу-джитсумен шұғылданады. Олардың барлығы әкесінің тәлімін алып жүр.
Фото: Самат Құнаевтың жеке мұрағатынан
42 жасар Самат Құнаевтың өзі джиу-джитсумен айналыса бастағанына бірнеше жыл ғана болған. Ол спортқа келгелі денсаулығы дұрысталғанын айтады. Көптеген әлем чемпионатына қатысып үлгерген. Отағасы бүгінде грэпплингтен Қазақстанның спорт шебері. Әкесінің жетістігі балаларын шабыттандырып, бүгінде жетеуінің алтауы оның жолына түскен.
- Кенже балам үш жарымда, оған спортпен шұғылдануға әлі ерте. Ал Хадиям спортпен айналысып жүргеніне екі жылдай болды. Ол бұған қоса еркін күрестен де жаттығады. Әлем чемпионы атануға күрестің де пайдасы тиді деп ойлаймын. Өзім Абу-Дабиде өтетін халықаралық турнирге 2021 жылдан қатысып, үш жыл қатарынан жүлдегер болсам, биыл бірінші орынды иелендім, - дейді Хадияның әкесі.
Самат Нұртайұлы бүгінде балаларды джиу-джитсуге баулып жүр. Өз балаларынан бөлек, Екібастұз бойынша 100-дей бала оның тәлімін алуда. Абу-Дабидегі турнирде қызы Хадиямен қоса, бапкердің жаттығуларына қатысып жүрген шәкірттері – 8 жасар Сирин әлем чемпионы атанса, 13 жасар Сальсабиль үшінші орыннан көрінді.
Бұл турнирге балаларды апарып қатыстыру үшін Самат Құнаев өзінің жеке автокөлігін сатып жіберген. Ақшаның көп бөлігі ұшақпен ұшуға, жатар орынға кеткенін айтады.