«Қазақ аруы 2024» байқауының жеңімпазы екінші рет анықталды
Қайта дауыс беру кезінде Қызылорданың аруы титулын сақтап қалды
Байқаудың алғашқы нәтижесі өзгеріссіз қалды, деп хабарлады turkystan.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазын анықтау үшін дауыс беру қайта басталатынын бұған дейін жоба продюсері Баян Мақсатқызы Instagram-дағы парақшасында жазған еді. Қайта дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысының тумасы Ақкербез Ысқаққызы қайтадан жеңімпаз атанды.
Ақкербезді 87 мыңнан астам дауыс берушінің 30.5 мыңы қолдаған. Екінші орынды 23.1 мың дауыспен Назерке Мырзағалиева жеңіп алды. Үшінші орыннан 10.1 мың дауыспен Ақерке Серікжан көрінді.
“Қазақ аруы-2024" байқауының жеңімпазын анықтау кезінде бұған дейін провайдерде ақау пайда болған. Сол себепті нәтиже дұрыс шықпаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұйымдастырушылар 16 қараша күні дауыс беруді қайта өткізген.
Қайта дауыс беру кезінде Қызылорданың аруы титулын сақтап қалды.
“Қазақ аруы” байқауының нәтижесі бұған дейін анықталған еді. Жеңімпазды халық дауыс беру арқылы таңдаған. Қызылорда облысының тумасы, 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы “Қазақ аруы-2024” атанған. Оған тәж және арнайы шапан кигізілген. Дауыс берушілердің 30,04%-ы Ақкербезге дауыс берген.
Байқаудың екінші және үшінші орны бірінші дауыс беру кезінде Алматы қаласының арулары Ақерке Серікжан мен Назерке Мырзағалиеваға бұйырған.