«Жақсы көремін»: Нұрлан Әлімжан Әйкерім Қалаубаевамен қандай қарым-қатынаста екенін ашық айтты

Сонау 2000-жылдары басталған достық кейін шығармашылық байланысқа ұласқан

«Жақсы көремін»: Нұрлан Әлімжан Әйкерім Қалаубаевамен қандай қарым-қатынаста екенін ашық айтты
фото: әлеуметтік желіден
5696

Соңғы жылдары Нұрлан Әлімжан мен Әйкерім Қалаубаева жұрт көзіне жиі түсіп жүр. Шоу-бизнес жұлдыздарының қол ұстасқан сәттерін желіден көрген халық оларды әлдеқашан жұптастырып қойған. Ал шындығында актер мен әншінің арасында қандай сезім бар? Қос әріптестің қарым-қатынасы қалай? Олар өмірде бірге ме? Көпшілік көкейіндегі сансыз сауалдың жауабын Нұрлан Әлімжан KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында бүкпесіз баяндап берді.

Нұрлан Әлімжан мен Әйкерім Қалаубаева ең алғаш танысқан кезде екеуі де өнерге енді қадам басып жатқан бозбала мен бойжеткен еді. Сол сәтте басталған достық пен сыйластыққа әлі күнге дейін сызат түспеген.

"Ол кезде мен 17 жаста, Әйкерім 16 жаста еді. Қазір жасым 41-ге кетті. Ойлаңыз, біздің достығымызға 25 жыл болды. Алланың атымен ант етейін, бұл біздің таза достығымыз. Мен Әйкерімді өте қатты құрметтеймін, Әйкерімге деген құрметім достықтың ең жоғары шыңы шығар. Мен бұрын ойлайтынмын, өмірде қызбен дос болу мүмкін емес деп. Шындығында қызбен де дос болуға болады екен. Әйкерім сондай жан, кейбір ерлерге қарағанда кәдімгідей жігітше өзіндік мінезі бар. Сырттай қылығы нәзік болғанымен, ішінде жігітше дос бола білетін өзінің мәрттігі, адалдығы бар, өте ақылды, дана қыз. Сондықтан да мен Әйкерімді өте қатты бағалаймын, жақсы көремін", - дейді Нұрлан Әлімжан.

Сонау 2000-жылдары басталған достық кейін шығармашылық байланысқа ұласқан. Қазіргі таңда Нұрлан Әлімжан мен Әйкерім Қалаубаеваның бірге шырқайтын 5-6 әні бар. Әріптестер мерекелік кештер мен тойды жұптасып жүргізеді. Десек те олардың жұмыс барысындағы видеоларын көрген халық бір-біріне ғашық деп топшылайтын көрінеді.

 "Әйкеріммен ән салғанда қуанамын. "Нұрлан Әйкерімге ғашық көзбен қарап қалды, Әйкерім де Нұрланға ғашық көзбен қарады" деген неше түрлі қауесет сөздер бар. Иә, ол құрметтік ғашық көз, сыйластық ғашық көз. Ондай да болады. Кіндіктен төмен ғашық көз болады, бірақ біздікі ондай емес. Мына жүректегі шынайы, риясыз достық ғашық көз. Өйткені адамдарға өнеріңді шынайы көрсету үшін саламыз. Ән айту да кішігірім спектакль ғой. Мен ана бұрышқа тығылып, бір-бірімізден тығылып ән айтсақ ол жүрекке қалай жетеді? Ол әнді халыққа жеткізу үшін сол әннің образына кіруің керек қой. Мен актермін, ол актриса. Халық қолдап жатқан кезде өмірдегі Нұрлан мен Әйкерімнен тыс бізді өнер шабыттандырады. Менің кәсіби актерлік қабілетім қосылып кетеді де, мен Айгерімге сондай көзқараспен қараймын. Мысалы, мен Айгерім Қалаубаевамен той жүргізгенде рақаттамын. Өйткені біз 25 жыл доспыз, ол менің не айтатынымды, мен оның не айтатынын білемін", - дейді актер.

Өнерде әріптес, өмірде достығы жарасқан Нұрлан мен Әйкерімге әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер жазылып тұратын көрінеді, ол ашуымызға тиеді дейді актер.

"Қарғап-сілейтіндер бар. Өйткені Әйкерім жазықсыз, оған нақақтан нақақ артық сөз айтпаңыздар деймін. Кейде "Екеуі жүреді" деп жазады, одан не келіп, не кетеді, білмеймін. Ауызым бар екен деп көпіретіндер пайда болды. Әлеуметтік желідегі парақшасын қарасаң немере-шөбере сүйіп отыр. Бірақ аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, назданып отырады. Жүйелі қарғыс өзінің иесін табады деп ойлаймын. Егер де қарғысқа лайық болсақ, Әйкерім екеуміз дуэт болмас едік" - дейді әнші.

Отандық шоу-бизнестегі сауық-кеш, той-томалақтарда әрдайым қол ұстасып жүретін Нұрлан Әлімжан мен Әйгерім Қалаубаеваның өз отбасы бар ма деген сұрақ та ел көкейінде. Өйткені қос өнерпаз жеке өмірін жұрт назарынан жырақта ұстайды. Әлеуметтік желідегі жұртты қызықтырған сұраққа танымал актердің өзі ашық жауап берді.

"Менің отбасым бар, аяулы жарым бар. Әйкерімнің өз отбасы, бала-шағасы бар. Балаларымның бәрі біледі, шығармашылығымызды үйде кәдімгідей талқылаймыз. "О, күшті орындадыңыздар. Мәссаған, мына көзқарастарыңыз керемет болды" деп балаларымызға дейін талқылап, бір-бірімізді кәдімгідей қолпаштап отырамыз. Біз отбасылық доспыз. Мен Әйкерімнің ата-анасын танимын, ол менің ата-анамды таниды. Бір-біріміздің үйімізде шай ішіп, асылған етімізді жеп жүретін жандармыз", - деп сөзін түйіндеді Нұрлан Әлімжан.

Осылайша танымал актер Әйкерім Қалаубаевамен арадағы қарым-қатынасын ашық айтып, екі әріптестің соңынан ерген қауесетке нүкте қойды. Олар алдағы уақытта да шығармашылық байланысты үзбей, тағы да тың туындыларды жарыққа шығаруды көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары