Елорда республика күнін ерекше атап өтті

Елорда республика күнін ерекше атап өтті
422

Еліміздің ең ұлық мерекесінің бірі – Республика күніне орай елордада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және тағы шаралар өтті. Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын үй аумақтарында, білім беру ұйымдарында және тағы басқа алаңдарда өтті.

Ең алдымен екі күн бойы Республика күні және ҚР мәслихаттарының құрыл­ғанына 30 жыл толуына орай волейболдан турнир өтті. Бұл турнирге 16 команда қатысып, өзара мықты ұжымды анықтады. Олардың арасында Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты қалалық Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының, Спорт­ты дамыту дирекциясының, Елорда спорт клубының, №5 балалар мен жас­өспірімдердің мамандандырылған олим­пиадалық резерв спорт мектебінің және №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мек­­­тебі ұжымының командалары да болды.
160 адам қатысқан турнирдің ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихаты­ның депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мәслихаттағы жетекшісі Ғабит Тәжімұратов пен Астана қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комис­сиясының төрағасы Кендебай Адам­бек сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Біз айтулы мереке қарсаңында осындай жарыс ұйымдастырып отырмыз. Спорт – денсаулық кепілі, сондай-ақ достықтың, бірліктің символы. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын!», – деді Кен­дебай Адамбек.
Sana Sport орталығының екі алаңында өткен турнирде командалар 2 күн бойы өзара бақ сынасты. Турнир топтық формат­та өтті. 16 қатысушы командалар әуелі 4 топқа бөлініп, өзара 1 кездесуден өтті. Әр топта үздік нәтиже көрсеткен 2 команда турнирдің ширек финалына жолдама алды. Әр топтың жеңімпазы келесі топтың 2-орын алған командасымен кездесті. Тур­нирге ұлттық деңгейдегі төрешілер төрелік етті. Барлық қатысушыларға, ерік­тілерге, төрешілерге және турнирді ұйым­дастыруға атсалысқан азаматтарға «ҚР мәслихат­тарына 30 жыл» естелік медалі табысталды.
Депутат Кендебай Адамбек пен Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов жарыстың жеңім­паздары мен жүлдегерлерін және жарысты жоғары деңгейде өткізуге атса­лыс­қан төрешілер мен еріктілерді марапат­тады.
 Сондай-ақ Елорданың мекемелері мен кәсіпорындары Республика күнін мереке­леуге арналған патриоттық челлендж өткізді.
Челленджге Астананың  ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, ҚХА мүшелері, ведомстволар мен кәсіпорындардың, мем­лекеттік органдардың, жастар ұйымдары­ның қызметкерлері, ШОБ қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Елорда жастары «Ұлттық киім» флешмобын ұйым­дастырды. Флешмобқа елордалық жоғары оқу орындарының студенттері мен қазақ­тың ұлттық киімдерін киген белсенді жастар қатысты. Олар заманауи патриот­тық әнге ұлттық нақышта би нөмірін дайындады.
Елордада мерекеге орай автошеру өткізілді. Оған Мемлекеттік Тумен безен­дірілген 40-қа жуық жеңіл автокөлік қатысқан. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Рес­публика күніне орайластырылған мере­келер аясында «Астана жастары» ЖРО-мен бірлесіп, мерекелік автошеруді қала жұрт­шылығы тамашалады. Еліміздің жалауы бар автомобильдер елорданың даңғылдары мен көшелерімен жүріп өтті.
«Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Бүгін біз 20 шақырымдық маршрутты жүріп өттік. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік мерекелерді есте сақтау және бағалау үшін маңызды», – деп атап өтті Астана автомотоспорт федерациясының басшысы Анатолий Бондарь.
«Біз бұл күн елімізде жоғары деңгейде аталып өтетінін көрсеткіміз келді. Іс-шара­ның басты мақсаты – мемлекеттік рәміз­дерді насихаттау, патриоттық шаралардың маңызын сезіндіру. Мұндай іс-шаралар еліміздің әр қаласында өтеді. Бұл автошеру нағыз челлендж бен дәстүрге айналады деп үміттенеміз. Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіледі. Іс-шараны қолдаған­дардың барлығына шын жүректен алғыс айтамыз», – деді Жастар және отбасы істері комитетінің жастар саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Ақұлан Тастемір.
Елордадағы Достық үйінде өткен конференцияда Қазақстанда медиация институтын дамыту мәселелері талқы­ланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты – отбасындағы даулы және жанжалды жағдайларды шешуде медиацияны қолданудың келешегі, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың алдын алу.
«Біздің конференция Республика күніне арналған. Біз оған көптен бері дайындалып, мықты спикерлерді шақырдық. Сонымен, ҚХА Республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Пре­зиденті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Шерзод Пулатов медиаторлардың заңды жауапкершілігіне тоқталды. Отбасы­лық медиация сияқты өзекті тақырып қызу талқыланды. Өкінішке қарай, соңғы кездері отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты атышулы қылмыстар жиі болып жатыр. Медиация көптеген мәселені өркениетті түрде, жанжалсыз, агрессиясыз шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, мұраны бөлу, ажырасу сияқты жағдайларда да маңызды құрал болып саналады», – деді конференция модераторы, заңгер және Астана қалалық ҚХА Достық үйінің медиа­торы Роза Бекішева.
Оның айтуынша, дөңгелек үстел бары­сында азаматтық-құқықтық қатынас­тар­дан туындайтын дауларды шешуде, сондай-ақ ұлтаралық жанжалдарды рет­теу­де медиацияны қолданудың маңызы зор.
«Медиацияның қағидаттары – дауласу­шы тараптардың өз еркімен әрекет етуі, ал медиатор тарапынан – тәуелсіздік, бейта-
р­аптық және құпиялылық. Біздің іс-шараға әртүрлі адамдар қатысты: қоғамдық ұйым­дардың, қала басшылығының, денсаулық сақтау, білім беру, коммерциялық құры-
л­ым­дардың өкілдері келді. Алайда ең бас­тысы, біз мұнда жастарды шақырдық. Бұл жерде жастар өте маңызды әрі пайдалы ақпарат алды деп ойлаймын. Біз спикер­лерден де сұрадық, олардың барлығы прак­тиктер, сондықтан олардың әрқай­сысы еліміздегі медиацияның болашағы мен дамуы туралы өз ұсыныстарын айтты», – деді Роза Бекішева.
Бүгінде Астананың түрлі аудандарында мерекелік концерттер өтеді. Оған елімізге танымал өнер жұлдыздары қатысады.

А. БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары