Ұрып-соғып, мазақ қылған: қаза тапқан сарбаздың анасы ашық сотты талап етті

Қайтыс болған Ұлттық ұлан сарбазының анасы ұлының қызметте қорлық көргеніне сенімді

Ұрып-соғып, мазақ қылған: қаза тапқан сарбаздың анасы ашық сотты талап етті
istockphoto.com
608

Ұлттық ұланның қаза тапқан 19 жастағы сарбазы Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева ашық сотты талап етті, деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Индира Туғанбаева әскери қызметкер дауыл кезінде қаза тапты деп мәлімдеген Ұлттық ұланға сенбейтінін мәлімдеді.

"Ұлыма әскерде шатыр құлап қайтыс болды деп айтылды. Олар бұған сендіре алды. Біз былтыр 8 желтоқсанда, ұлымыз қайтыс болған соң 1,5 жылдан кейін Алмастың денесін эксгумацияладық. Тәуелсіз сарапшыны жалдадық және ол ұлымыздың кешкі сағат 7-де қайтыс болғанын анықтады. Ал дауыл кешкі 9-да болды. Сондай-ақ сарапшы пышақ жарақатын растады және бұл шатыр құлауының салдарынан болған өлім екенін жоққа шығарды", - деп жазды ол.

Қайтыс болған Ұлттық ұлан сарбазының анасы ұлының қызметте қорлық көргеніне сенімді. Оның сөзінше, сарбаздың денесінің бөліктері көгерген, ұрып-соғу іздері, темекі күйіктері байқалады.

"Өзінің жазаланбайтынына сенімді адамдар көзімізге тік қарап, өтірік айтып жатыр. Бізге әділеттілікке жетуге көмектесулеріңізді сұраймыз. Шұғыл адвокаттар керек, ашық сотты талап етеміз", - деп толықтырды Туғанбаева.

Еске салайық, Алмас Шахимов 2022 жылы тамызда қайтыс болды. Ол Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етті.

Серіктес жаңалықтары