«Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы жоқ – Бауыржан Әленов
Талғарда 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған жанжалға «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы бар деген ақпараттар тараған болатын. Алайда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов аталған ақпаратты жоққа шығарды.
«Біздің есебімізде «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркеуде тұрған жоқ. Күдіктілердің байланыстары тексерілді, олардың ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы жоқ», – деп жауап берді ол Қонаев қаласында өткен брифингте.
Оның айтуынша, күдікті мен Шерзаттың әкесі бұрын таныс болмаған. Тергеу барысында күдікті дүкенге бірінші рет барғанын айтқан.
«Қылмыстық іске қатысты жәбірленуші тарапқа қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Бүгінде қандай да бір ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ. Қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатқан күдіктілер ішінде бұрын сотталған адамдар да бар. Көбі бұзақылық қылмыстар. Оқиға орнынан үш пышақ, бір мылтық алынды. Олардың кімге тиесілі екені анықталады», – деді Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.
Еске салайық Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты 10 адам қамауға алынды. Кейін әлеуметтік желіде аталған оқиғаға Талғардағы «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы бар деген ақпараттар тараған болатын.
Ал 12 қазан күні Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Үй сыртынан канистр мен резеңке қолғап табылған.
Қалада қоғамдық тәртіпті Ұлттық ұлан әскері қадағалап жатыр.