Қазақстанда жұмыртқа бағасы 11 пайызға қымбаттады
Ең қымбат жұмыртқа Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Шымкент пен Қарағанды қалаларында сатылып жтыр.
Елімізде жұмыртқа 11 пайызға қымбаттады, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қыркүйектің соңғы аптасында бағаның күрт көтерілгенін тұтынушылар да байқаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бұл түрі, әсіресе Ақтөбе қаласында қымбат.
Алматыдағы ең ірі супермаркетте жұмыртқаның неше түрі бар. Он данасының бағасы 629 теңгеден басталып, 945 теңгеге дейін. Мәселен, сұрпы мен салмағы үлкен түрінің бағасы да 975 теңге. Қазірдің өзінде жұмыртқаның бір данасының бағасы 50 теңгеден асып түскен.
Ұлттық статистика бюросы сарапшылары соңғы бір айда елімізде жұмыртқа құнының орташа есеппен 11,6 пайызға өскенін айтады. Ең қымбат жұмыртқа Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Шымкент пен Қарағанды қалаларында сатылып жтыр.
«Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тізбесіне кіретін бірінші санаттағы жұмыртқаларды ғана тіркейді. Жұмыртқа бағасы орташа есеппен 11,6 пайызға өскен. Ақтөбеде 29,3 пайыз, Павлодарда 20,9 пайыз, Шымкентте 20,6 пайыз, Ақтауда 19,6 пайыз, Қарағандыда 19,5 пайыз өскені тіркелді. Бағасы төмені: Қонаев, Астана, Өскемен», – дейді тұтыну бағалары статистикасы басқармасының сарапшысы Таңшолпан Кереева.
Қазір елімізде 58 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 29 фабрика жұмыртқа өндіреді. Мамандар бағаның күрт өсуін биылғы сапасыз жиын-терін науқанымен байланыстырады. Оған қоса, делдалдар да бағасының үстіне өз пайызын қосуы мүмкін.
«Жұмыртқа мен құс еті құнының 70 пайызы жемге кетеді. Биыл жақсы егін жинағанымызбен, астықтың көбі сапасыз болды. Сондықтан Ресейден жоғары сапалы жем сатып алдық. Құс фабрикалары сауда министрлігімен келісілген меморандумды ұстанады. Олар 50 теңгеден жоғары баға қоймайды. Біз бар болғаны 40 теңгеден сатамыз. Оның үстіне делдалдар 15 пайыз, саудагерлер тағы 15 пайыз қосады. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Ресейде, Қырғызстанда, Беларусьте те бар», – дейді Қазақстан құс өсірушілер одағаның президенті Руслан Шәріпов.