Қарағанды ​​мен Қостанай облысындағы жұмысшылардың қазасы: Тексеру үшін арнайы комиссия құрылды

Қарағанды ​​мен Қостанай облысындағы жұмысшылардың қазасы: Тексеру үшін арнайы комиссия құрылды
istockphoto.com
372

Еңбек инспекциясы Қарағанды ​​және Қостанай облыстарында алты адамның өліміне әкеп соқтырған топтық жазатайым оқиғаларды тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды және Қостанай облыстары бойынша аумақтық департаменттері өңірлердегі жалпы 6 адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиғаларды тергеу үшін арнайы комиссиялар құрды. Тергеу нәтижесінде болған қайғылы оқиғалардың мән-жайлары мен себептері анықталады.

“2024 жылы 5 қазанда сағат 19:30-да "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Саяқ" кенішінің аумағында – "Балқаштүстіметалл" ӨБ-де тау-кен шебері 1990 жылы туған Д.Игембаев, теспе бұрғылаушы 1967 жылы туған О. Зекей және бұрғылаушының көмекшісі 2001 жылғы М.Тұрыспаев белгісіз газбен уланған. Жазатайым оқиға салдарынан Д.Игембаев пен М.Тұрысбаев қаза тауып, О.Зекей Балқаш қаласындағы қалалық ауруханаға жіберілді”, – делінген хабарламада.

Жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін тергеп, тексеру үшін Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен арнайы комиссия құрылды.

2024 жылы 6 қазан күні Рудный қаласында "Imperial Agro Group" ЖШС жалға алған диірмен кешенінің аумағында №5 ұн бункерінен 1987 жылы туған Е.Бошыковтың, 1994 жылы туған А.Өтегеновтің, 1978 жылғы Д.Калауовтың және 1976 жылы туған С.Шакиртаеваның мәйіті табылды.

"Imperial Agro Group" ЖШС басшысының айтуынша, Е.Бошықов іске қосу-реттеу жұмыстары бойынша технолог ретінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызмет еткен. Ол өзге қайтыс болған азаматтар туралы ештеңе білмейді. Өйткені айтуынша, аталған адамдармен еңбек қатынастары болмаған.

Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және аталған азаматтармен еңбек қатынастарының болуын немесе болмауын анықтау үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті комиссия құрды.

Серіктес жаңалықтары