Қонаев полицейлері кәріз құдығына түсіп кеткен жылқыны құтқарды

Құтқару операциясы нәтижесі сәтті аяқталып, жылқы иесіне табысталды, өз кезегінде ол полицейлерге алғырлығы және жеделдігі үшін ризашылығын білдірді

Қонаев полицейлері кәріз құдығына түсіп кеткен жылқыны құтқарды
Видеодан алынған кадр
265

Қонаевтың патрульдік полицейлері қиын жағдайға тап болған жылқыны құтқарып, нағыз батылдық пен кәсібилік танытты, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Облыс орталығының жеке тұрғын үй секторларының бірін патрульдеу кезінде «Бүркіт-253» ППВ полицейлері ашық тұрған кәріз құдығына құлап қалған жылқыны байқады.

Жағдайдың күрделілігін бағалай отырып, полицейлер жақын маңдағы патрульдік жасақты көмекке шақырды.

Құтқару операциясы оңай болған жоқ: жануардың салмағы мен көлемі жұмысты айтарлықтай қиындатты. Алайда, Ернар Омаров пен Айбек Тұрсыновтың құрамындағы «Бүркіт-253» ППВ, сондай-ақ Дархан Есімханов пен Серік Ордабаевтың құрамындағы «Бүркіт-261» патрульдік полиция взвод іс-қимылдарының арқасында жылқы аман-есен құдықтан шығарылды. Барлық жұмыстар жануарға зиян келтірмеу үшін аса мұқият орындалды.

Құтқару операциясы нәтижесі сәтті аяқталып, жылқы иесіне табысталды, өз кезегінде ол полицейлерге алғырлығы және жеделдігі үшін ризашылығын білдірді.

«Біз тәртіпті сақтау үшін ғана емес, мұқтаж жандарға да көмек көрсету үшін қызмет етеміз. Осындай сәттерде біздің жұмысымыз адамдарды қорғау ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі қорғай алмайтындарға көмектесу екенін түсінеміз», — деп бөлісті Ернар Умаров.

Серіктес жаңалықтары