Жетісуда 2 миллионыншы нәресте дүниеге келді

Жетісуда 2 миллионыншы нәресте дүниеге келді

Жетісуда 2 миллионыншы нәресте дүниеге келді
ашық дереккөзі
521

Алматы облысында екі миллионыншы тұрғын өмірге келді. Өңірдің екі миллионыншы тұрғынын облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып құттықтап, сәбидің ата-анасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

 Нәресте Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы Диас Шорманов пен Жарқынай Еменақынова білім беру саласында еңбек етеді. Тек бір отбасының емес, бүтін бір өңірдің қуанышымен бөлісу үшін облыс әкімі Амандық Баталов Шормановтар отбасына барып, жас отбасына пәтер кілтін табыстады.

"Мен сіздерді ұлды болуларыңызбен құттықтаймын. Бұл сәби бәріміз үшін де маңызды. Өйткені, Алматы облысының екі миллионыншы тұрғыны атанып отыр. Дені сау және ақылды жігіт болсын. Отбасыларыңызға бар жақсылықты тілеймін, - деді Баталов. Сәбидің әкесі Диас Шорманов болса ұзақ уақыт балаға ат таңдай алмағанын айтады. Кейін әжесі туған-туыстардың басын жинап, оған Нұрсұлтан деген ат беруді ұсыныпты. Өйткені, сәби дүниеге келген перзентхананы президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ашқан екен. "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - біздің көшбасшымыз, мемлекеттің басшысы. Біздің облыстың екі миллионыншы тұрғыны да сол секілді мықты, артынан бүкіл елді ерте алатын азамат болып өссін. Біздің мемлекет ата-ана атанамын деген отбасыларға қолдауын бұдан кейін де жалғастыра береді. Осы орайда, облысымыздың екі миллионыншы тұрғынына біз ерекше сыйлық - Есік қаласынан пәтер беруді ұйғарып отырмыз. Бұл бүкіл облыс тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды", - деді Амандық Баталов Шормановтар отбасының қуанышымен бөлісе отырып. Айта кетейік, Алматы облысының халқы соңғы 5 жылда 25,3 пайызға өскен. Күн сайын өңірде орта есеппен 110-115 бала туады. Әсіресе, бұл тұрғыда Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Жамбыл, Талғар аудандары жоғары көрсеткіштерімен мақтана алады.

Серіктес жаңалықтары