Елордада отбасылық ойындар жарысы өтті

Елордада отбасылық ойындар жарысы өтті
www.gov.kz
Автор
Админ
496

Елордада Қаламгерлер аллеясында «Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына» атты іс-шарасы ұйымдастырылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен іс-шара аясында ұлттық ойын түрлерінен отбасылық жарыс өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасылар арасында өтетін бұл жарыстың басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық ойындарды насихаттау.

«Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында осындай іс-шараны ұйымдастырып отыр. Бұл жарыс сол елімізде болып жатқан ойындардың жалғасы іспетті. Еліміздің абыройын асқақтатқан спорттық додаға қосқан үлесіміз деп білеміз. Мерекеге орай кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Мақсаты – өзіміздің ұлттық ойындарымызды әрі қарай дамыту. Өйткені жасөспірімдер бабадан келе жатқан асыл мұраларымызды ұмытпауы керек деп есептейміз», – деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысы Гүлбадам Мәдібаева.

Аталған жарысқа 40-қа жуық мектеп оқушысы қатысты. Үш топқа бөлінген жарыс қатысушылары тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және сұрақ-жауап ойындарында өзара бақ сынады.

Жарысқа қатысушылар тапқырлық, ептілік, табандылық және жеңіске деген ынтасын көрсетті. Белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. 

Ұлттық ойындар – біздің мәдени мұрамыздың бір бөлігі. Мәдени мұра тек өнер, әдебиет және руханият қана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүр де. Бұл дәстүрлерді қазіргі ұрпақтың санасына сіңіру мерекенің басты лейтмотиві болды.

Сондай-ақ, іс-шара аясында «Ұлттық ойындар – бабадан қалған алтын қазына» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, онда ұлттық ойындардың әртүрлі түрлері, олардың шығу тарихы мен сақталуы туралы кітаптар ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде ұлттық ойындардың ұлы жеңімпаздары, батырлар мен жауынгерлердің, соның ішінде Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ, Битабар Қасаболатов, Шоқпарұлы Қосжан және т.б. өмірі туралы кітаптар жеке бөлімде көрсетілді. 

Іс-шараны Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ кітапханалары ұйымдастырды.

Серіктес жаңалықтары