Көшпенділер ойындары: алғашқы алтын медальді франциялық мерген еншіледі

Жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысып жатыр

Көшпенділер ойындары: алғашқы алтын медальді франциялық мерген еншіледі
Туризм және спорт министрлігі
500

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы жарыс күнінде жамбы ату спортының мажар стилінен жеңімпаздар белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz Ұлттық және ат спорты түрлері қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысып жатыр. Олар 11 топқа бөлініп, бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша Франция құрамасының спортшысы Raphael Malet Көшпенділер ойындарының алғашқы алтын медаліне ие болды. Күміс жүлдені моңғолиялық Altankhuyag Nergui иеленді. Ал қола медальді тағы бір франциялық Gaëtan Blot қанағат тұтты.

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестікке енді.

Мажар стилінің ерекшелігі – спортшы атпен жылдамырақ шауып, нысанаға көп оқ тигізуі керек. Жебе санына шектеу жоқ. Қазақстан дирекциясы барлығын атпен қамтамасыз етті. 90-ға жуық атты дайындадық. Көшпенділер ойындары болғандықтан көп қатысушы келді. Көшпенділер ойындарына ұлттық құрама спортшылары 3 ай дайындалды. Жыл басынан бері 4 оқу-жаттығу жинын өткіздік. Әр спортшыға жеке тактика әзірледік, – деді Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

Айта кестек, Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тұлыбеков өнер көрсетті. Олар бұған дейін Әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындар иеленген.

Спортшыларымыз алдағы үш күнде 3 стиль (азия, түрік, қазақ) бойынша бақ сынасады. Осы орайда ат үстінде садақ атудан халықаралық альянс президенті Аллан Ле Галл Қазақстан құрамасы жамбы атудан мықты командалардың бірі екенін атап өтті.

Қазақстан құрамасы былтыр Монғолияда өткен әлем чемпионатында 2-орын алып, мықтылығын көрсетті. Қазақ стилі бойынша ұтатын шығар. Дүбірлі доданың атмосферасы бізге қатты ұнап жатыр. Бізді тамаша күтіп алды. Астанада өзімізді құрметті қонақ сезініп жатырмыз. Олимпиада ойындарында жүргендейміз, – деді Аллан Ле Галл.

Еске сала кетсек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2 430 қатысушы тіркелді. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.

Серіктес жаңалықтары