Ақтөбелік келіншек сәтсіз жасалған блефаропластика үшін өтемақы өндіріп алды

Ол Instagram желісінен блефаропластика қызметінің жарнамасын көріп, 2023 жылдың 4 тамызында ота жасатқан.

Ақтөбелік келіншек сәтсіз жасалған блефаропластика үшін өтемақы өндіріп алды
istockphoto.com
277

Қызмет көрсетуші отаны үйінде жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ота жасалғаннан кейін бір апта өткенде келіншек көзіндегі ассиметрияны байқап, қызмет көрсетушіге қайта жүгінген. 15 тамызда екінші рет ота жасалған.

Екінші ота кезінде клиенттің қабағын тым терең кесіп, кірпіктерін терісімен бірге тіліп жіберген. Содан кейін қан ағып, тоқтамай қойған.

Қызмет көрсетуші жараны лазермен күйдіріп, қанды тоқтатып, теріні тігіп берген. Келіншек кейін офтальмолог пен пластикалық хирургқа жүгінуге мәжбүр болған.

Содан бері бір қабағы дұрыс жұмылмай, бет-әлпеті өзгерген. Келіншек жұмысынан кетіп, ем алған.

Істі қараған кезде сот жауапкердің ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтінін, пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқ, тек сертификаты болғанын анықтады.

Жауапкер өз еркімен талапкерге ота үшін төлеген 80 мың теңгесін қайтарып берді.

Сот шешімі бойынша ол енді 235 мың теңге материалдық шығын, 1 млн теңге моральдық шығын қайтарады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары