«Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады

«Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады

«Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады
ашық дереккөзі
1814
Наурыз мерекесіне орай 2017 жылы 19 наурызда 31-арнада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-нің қатысуымен түсірілген «Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады. Бұл туралы «Қазақфильм» баспасөз қызметі хабарлайды. Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша  жазылған. Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашев. «Хикаяның кино нұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі кейбір отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. «Қазақ хандығы» сериалында фильмге кірмей қалған тартымты эпизодтар мен қызықты оқиғалар өте көп, сондықтан да бұл хикая көрермендердің көңілінен шығатынына күмәнім жоқ», – дейді режиссер Рүстем Әбдірашев.   «Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде, наурыздың 19 күні сағат 22:00-де  31-арнадан тамашалауға болады. Естеріңізге сала кетсек, «Қазақ хандығы» сериалының кино нұсқасы – «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері былтырғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту күндері Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылы  5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн. астам қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді. Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімнің бір бөлігі «Қазақфильмнің» павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтың сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған, олардың 200-ге жуығы түсірілім тобының мүшелері. Түсірілімдер бес айға созылып, 30 нысан пайдаланылған.

Серіктес жаңалықтары