Бұл да бір майдан

Бұл да бір майдан

Бұл да бір майдан
ашық дереккөзі
628
Көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы жазылған зерттеу еңбектер баршылық. Алайда, театр репертуарларынан Алаш қайраткері туралы спектакль жоқтың қасы. Жақында Ақтау қаласындағы Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» пьесасының премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Гүлсина Мерғалиева. Тарихи және құжаттық деректер негізінде жазылған «Әлиханның аманаты» пьесасы біраз жабулы қазанның бетін аша түскендей. Ащы шындық бар. Шындық арқылы «елім, тілім, жерім» деп өткен қайраткерлердің атқарған қыруар шаруасы мен басын бәйгеге тіккен қатерлі сәттері бейнеленген. Ұлт мұратын асқақ ету жолында ештеңеден тайсалмаған Алаш зиялыларының ауызбірлігі бүгінгі ұрпаққа айтылған аманат іспеттес. Мысалы, пьесада тергеушінің: «...Сіз....сіз өте ерекше жансыз, Әлихан Нұрмұхамедович. Сіз.... қандай керемет мүмкіндіктеріңіз болды, небір лауазымдар тұрды алдыңызда, ұлы Лениннің өзімен жақсы қатынаста болыпсыз, тіпті Еуропаға кедергісіз шығып кететін мүмкіндігіңіз болды, бір емес сан мәрте. Неге қалдыңыз? Сол қасқырша қасарысқаннан не шықты? Не жетпеді өзі сіздерге?..» деген сұрағына  Әлихан Бөкейханның: «...Иә, сәт! Жанған отты өшірмекке ниетті екен. Ал бұл бізге берілген мүмкіндік. Үн шығарар кез келді білем. Жігіттер қазақтың мен деген көзі ашық, саңылаулы-сәулелі азаматын түгел жинаңдар. Тарбағатайдан-Атырауға, Тәшкеннен-Астраханға дейін хабар жетсін! Бар бүлік жұмысшылар петициясынан басталған екен, онда біз де петиция берейік. Бірақ айырмамыз, біз ол петицияны 15 мың жұмысшы атынан емес 6 миллионға жуық күллі Алаш жұртының атынан береміз, және бұл біздің, яғни бар қазақтың Кенесарыдан кейінгі алғашқы саяси талабы болмақ. Қасиетіңнен айналайын Кенкем қолына қылыш алып отарлауға қарсы тұрса, біз қалам мен біліммен соғысамыз. Біле білгенге бұл  да бір майдан. Бұл да бір текетірес. Қамсыз қалмайық...» деп жауап беретін жері бар. Атақты Қарқаралы петициясындағы түрлі мәселеге арқау болған 47 тармақ ел есінде шығар. Алаш қайраткері бұл жөнінде: «Біз мектеп қабырғасында Ислам діні негіздерінің міндетті түрде оқытылуын Иә Алла, жар бол өзің деп, бастайық!, «орысша сауат ашуды» содан кейін қолға алу талабын койдық. Мектептерде христиан дінін оқытуға үзілді-кесілді қарсылық білдірдік. Қазақ халқына бастық болғысы келгендердің қазақ тілін білуі тиіс екендігі атап көрсетілді, және іс қағаздарын толық қазақ тілінде жүргізу талап етілді. ... Біз сайлау құқығын сұрағанымыз, ол теңдік. Жер мәселесі, іргені аулақ салу. Дін мен тіл, ұлттықты сақтау деп ұқтық. Ал тілден айырылған елдің келешегі жоқ. Надан жұрт –  алдыңғы жұрттың киіп тастаған ескісін кимек. Уа, әлеумет, енді теперіш көрмейсің, енді сені ешкім кемсітпейді, мына тұрған орыспен тең хақың бар дейді патша. Ойыңды күмілжімей ашық айт. Дұрыс ойлайтындар бірігіңдер, мәжіліс қылыңдар, енді қудаланбайсың дейді. Араларыңнан кісі сайлап, жұрт қамын жоқтайтын елшілеріңді жіберіңдер бізге дейді. Яғни Думаға депутат өкіл жібере аламыз деген сөз. Біз сайлау құқығына ие болдық, ағайын. Сөз бостандығы берілді. Бауырларым, біздің сыналар тұсымыз осы болса керек. Жұртымыз Алаш, ал Алаш қазақ болғалы атадан балаға жердің тұтастығы, елдің береке бірлігі аманат боп келді. Енді сол жүк, сіздер мен біздің мойнымызда. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпаққа  аса көп жүк қалдырып кетеміз. Уа, бауырлар, кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар тұр! Ел үшін,  қажыр мен қайраттарыңды, білім мен білек күштеріңді сарқуға,  дайынсыңдар ма?», – деп барша қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын бір тудың астына жиналуға шақырғанының өзі Әлихан Бөкейханның қазақ үшін туған біртуар азамат әрі көсем екенін дәлелдейді.  «Әлиханның аманаты» қалай жазылды? Оны жазуға не түрткі болды? Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның бейнесі толық ашылды ма? Көрермен қалай қабылдады? Біз бұл сауалдарға жауап алу үшін пьеса авторы, актер Нартай Сауданбекұлын әңгімеге тартқан едік.

Нартай Сауданбекұлы, «Әлихан аманаты»

пьесасының авторы:

Әлиханның арманы – бәрімізге аманат 

 width=

– «Әлиханның аманаты» пьесасын оқып отырып, спектакль көргендей әсерде болдым. Жалпы, қойылымнан кейінгі көрерменнің берген бағасы қандай? Қойылым әу бастағы мақсатына жетті ме? – Шынын айтқанда, «көрермен қалай қабылдар екен?» деп қатты қорқып отырдым. Көбінесе сөзге құрылған пьеса болғандықтан және өзім кәсіби актер ретінде кішкене жүрексінгенім рас. Бірақ халықтың ықыласында шек болмады. Өте терең қабылдады. Бұл жазған дүниемнің жақсылығынан деп айта алмаймын. Бұл – көрерменнің Әлихандай бабамызды сағынғандығы деп түйдім. Ұлы тұлғаның аты дұрыс аталмай, лайықты бағасын ала алмай жатқандығынан ба, халық өз жанынан үлес қосып, баба алдындағы парызынан құтылғысы келгендей ықылас көрсеткен сияқты. Бақылап отырсам, көп адамның көзі жасқа малынды. Тіпті, ер азаматтардың да қорсылдап жылағанын көрдім. Автор ретінде Гүлсина Мерғалиеваның кейбір ұтқыр шешімдеріне риза болдым. Кез келген режиссер көңілі қаламаған жерін қысқартуы мүмкін. Мысалы, бүкіл пьесаның өне бойындағы нәзік тұсы – Әлиханның анасымен қоштасатын жері, бір-біріне айтқан жанды ауыртатын сөздері қысқартылып қалыпты. Соған ішім қатты ашыды. Режиссерден себебін сұрағанымда: «Етігімен су кешіп, ерлердің ісі бітпей жатқан тұста әйел жүрмей-ақ қойсыншы деген шешімге келдім» деп түсіндірді. Айтар уәжім болмады. Премьерадан кейін дастарқан басына жиналған бәріміз еңсеміз түсіп, Әлихан бабаны жерлеп келгендей әсерде отырдық. Ал қарапайым көрермен қандай ойда кетті екен? Жүрекке қатты тиген сезім иірімдері болды. Екінші құрамдағы қойылымды да көрермен осылай қабылдады. Үшінші күні Ақтаудың зиялы қауымы, Мәдениет басқармасы мамандары, әкімдік өкілдері көріпті. Тіпті, соңынан актерлерді жібермей қошемет көрсетіп, ықыластарын білдіріпті. – Негізінен оқиға Бөкейханов пен тергеуші арасында өрбиді. Пьесаны жазбас бұрын екі ай зерттегенің туралы айтып едің. Қолға тиген деректердің көбі тергеу материалдарына байланысты құжаттар ма? – Солай. Құжаттардың көбі құпия сақталған. Өкініштісі сол, көптеген құжаттарға қолым жеткен жоқ. Пьесадағы оқиғаның өзегі – тергеу барысы. Көркем дүние болған соң, қиялға ерік бердім. Қолыма түскен деректің бәрі Әлихан Бөкейхановтың еңбектері. Оның жазған дүниесі, барған жерлері, Думаға сайлануы, жер аударылып, еш себепсіз Павлодар, Семейдің түрмелеріне қамалуы, үзеңгілес достарына жазған хаттары. Міне, осы құнды дүниелерді оқып отырып, Әлиханның портретін тануға тырыстым. Тергеушіні де башқұрт ұлтының өкілі ретінде әдейі алдым. Қазір башқұрттардың тілі, діні қайда? Есіңізде ме, тергеушіге Әлиханның қоятын сұрағы бар. «Орысқа мұсылман жұртынан ең жақыны қайсысы? Татар ма, башқұрт па, қазақ па?» дегенде, тергеуші «татар шығар» деп жауап береді. Ал сол татардың ең басты түйткілі бір ұлттың екіге айрылғаны. Бұдан соң Әлихан Бөкейхан: «Жерлеріңіз бен елдеріңіз қәне? Тілдерің мен ділдерің, ең бастысы, діндерің қайда қалды? Татарлардың ең басты қасіреті неде, білесіз бе? Бір ұлт екіге бөлініп отыр, бірі мұсылман, екіншісі шоқынған провослав. Оған қалай жетті? Бірінші құқығынан, екіншіден жерінен, үшіншіден тілінен айырғанда қыңқ демеді. Ал тілден айырылған елдің келешегі жоқ. Бір ұлттың екіге бөлінуі қандай трагедия?», – дейді. Әлихан бізді содан сақтандырғысы келеді. Тәуелсіз ел ретінде ешкімге жұтылып кетпейтін мемлекет болуды меңзедім. – Ал Әлихан Бөкейханов туралы тарихи деректерден бөлек, жазушылардың қаламына арқау болып көркем шығармалар жазылып па? – Әлихан Бөкейханов туралы пьесаны атамағанда, жазылған көркем шығарма жоқтың қасы.Тек былтыр 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ерсайын Төлеубай ағамыз «Әлихан» деген пьеса жазып, Қарағанды театрында қойды. Әртүрлі сынға ұшыраса да, Алаш қайраткері жайында бір дүние жазылды. Өз басым бұл тақырыпқа да біреу жол салды-ау деп қуандым. Меніңше, пьесалардың көп болғанынан ұтылмаймыз. Режиссерлер солардың жақсысын таңдап алып, сахнаға шығарар еді. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан туралы әлі де жаза түсу керек. – Мысалы, Қарқаралы петициясындағы 47 тармақ әлі де күйіп тұрған мәселе. Мұндағы қазақ тілі, дін, жер мәселесі, сот ісі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Неге? – Себебі дұрыс рухани, экономикалық саясат жүргізілмесе, нәтижесі осындай болады. Әлихан Бөкейхан Мэйдзи төңкерісін мысалға ала отырып,  Жапонияның 21 жыл ішінде жәй аграрлық елден үлкен озық технологияны меңгерген алпауыт мемлекетке айналғанын айтып, сол жолды қазақ елінде іске асырғысы келді. «Шіркін-ай, енді бір 25 жыл мүмкіндік берілсе, біз қазақты әлем таңқалатын ұлтқа айналдырар едік» деп сенді. Өкініштісі, оның бұл арманын Кеңес үкіметі 100 жылға кейінге шегеріп тастады. Әлиханның, бүкіл Алаш зиялыларының 100 жыл бұрын көтерген мәселелері әлі күнге неге өзекті? Тіл мәселесі толық шешілді ме? Кеңес үкіметі 20 жылдың ішінде білімі жоқ халықтың 80 пайызын орта білімді азаматтар қатарына қоса алды. Ал біз 25 жылда тіл мәселесін шеше алмай келеміз. Сосын кешегі Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхановтардың ықпалымен ресми картасы сызылып, ұрпаққа мирас болып келген жердің саудаға түсіп кетуі, діннің ала-құла болуы, бәрі де жүйелі саясаттың болмағандығынан деп білемін. – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың: «Бірақ ертең тарих бәрін орын орнына қояды. Сонда мына маған  және Алаштың арыстарына жоқтау айтылып құран бағышталады, мүбәрәк есімдерімен ел мақтанады, ал сендердің жоқтауларың асып, аттарың өшеді...» дегені айдай келді ме, қалай ойлайсыз? – Әлиханның арманы – бәрімізге аманат. Бұл әрбір Алаш арысын құрметтеген азаматтың арманы. Тәуелсіздікке қол жеткізген күнімізді Әлиханның аузына салдым. Кез келген қазақ азаматы өз мойнында Алаш арыстарының аманаты бар екенін ұмытпау керек. Ол – халық үшін, ел үшін қызмет ету. «Хан баласында қазақтың өтелмеген қақысы бар. Сондықтан жанымды алса да, қазаққа қызмет етемін» деп Әлихан ақырғы демі үзілгенше қызмет етіп кетті. Ендігі кезек бізде. Пьесаның көздеген мақсаты – қазақ баласы ойланса екен деген ой. Қаншама жерленбей қалған, үрім-бұтағы жойылып кеткен Алаш арыстарына 17 млн қазақтың ең болмаса жартысы дұғасына қосып, Құран бағыштап жүрсе деген тілек. – «Рас, ел болу жолында таластық, тартыстық. Рас, айтысып, атыстық. Алтыбақан алауыз болдық. Бір бірімізді қаралап жаздық. Бірақ кімге жаздық? Ақыры не болды?...». Қазақтың осы кесапаты талай істі соңына жеткізбегені рас. Кешегі Әлихан заманынан бері не өзгерді? – Біздің санамызға құлдық психологияның сіңгені соншалық, сүйегімізге өтіп кеткен. «Қазақтың жауы – қазақ» дегенді айта-айта сендіріп жіберген. Ал ақиқатында қазақтың жанашыры – тек қана қазақ. Қазақтың жағдайы ауыр болса, қазақ қана қиналады. Бізге кенедей жабысқан дертті ойдан арылуымыз керек. Көрдіңіз бе, жоспарлы түрде қазақты құртып, жойып жіберу үшін не істелмеді?! Қазақтықтан жирендіру мақсатты түрде жүрді. Сонау алмағайып заманда қазаққа қатты шүйлігіп, барынша қыруға тырысқаны да содан. Себебі қазақ – ұлы көшпенділердің сарқыты. Қазақтар есін жиса, күшейсе, қиын болады деді. Ең бастысы, кез келген Алаш қайраткерлері ұлт потенциалының жоғары екендігін көрсетті. Демек, Алаш зиялылары бір-бірін сатты, көре алмады деген пікірді санадан өшіру керек. Еш жерде айтпау керек. Бұл ұлттың бірлігіне, ұйытқысына зардабын тигізеді. Одан жақсылық таппаймыз. Сондықтан оқиық, ізденейік. – Пьесаны Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы театрдан басқа театр ұжымына ұсынып көрдіңіз бе, әлде... – Пьеса жазылмай тұрып, Әуезов театрына, Мүсірепов театрына, ұсынылды. Сондай-ақ, Алматы облысы,Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы театрына да айттым. Жыл енді басталды ғой. Әзірге хабар жоқ. – Былтыр Алаш қайраткерінің 150 жылдығы ел көлемінде ғана емес, ЮНЕСКО бойынша аталып өтілуі тиіс еді. Өкінішке қарай, өз деңгейінде аталып өтпеді деушілер аз емес... -  Кейбіреулер «Жетім қыздың тойындай» өтті деп жатыр. Бұл пікір шындыққа жанасатын сияқты. Сүреңсіз өткені рас. Бәлкім, Алаш қайраткерінің мерейтойы әлемдік дағдарыс кезінде, қолайсыз уақытта келді ме екен, кім білсін?! – «Біткен іске сыншы көп» екені рас. Әлихан образын бір пьесада толық ашу да оңай емес. «Әттеген-ай, мынаны қосқанда ғой» деген өкініш жоқ па? – Әлбетте, өкініш жетіп-артылады. Әлихандай тұлғаның образын бір пьесаға сыйғызу қиын. Пьеса бір не бір жарым сағаттық дүние. Оны режиссер тағы да қысқартады. Меніңше, шебер жазушы романында ғана тұлғаның портреті ашылуы мүмкін. Өзім жаңадан пьеса жазуға кіріскен  драматург ретінде кем-кетік тұстарын байқадым. Актер болған соң көп жерін әрекетке құруға тырыстым. Мысалы, Әміренің Әлиханнан бата алып, берген хатын Мұстафаға жеткізуі, екеуінің кездесіп, әңгімелесуі қалып қойды. Одан бөлек халық комиссарларының Голощекинге соқпай, әуелі Әлиханға  амандасуы, осы тұрғыда Голощекиннің шағым түсіріп, «мұның көзін құртайық» деген арам пиғыл ойлары тыс қалды. Мұның бәрін кіргізсем үлкен дүние болып кететін түрі бар. Оның үстіне көрерменді залда екі сағат ұстап отыру қиын. – Қазіргі кітап оқымайтын заманда спектакль, кино арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге болатыны сөзсіз. «Бір фильмге жетерлік мәлімет жинадым» деген екенсіз. Неге фильм түсірмеске? – Артық мәлімет жинағаным рас. Тағы бір пьеса жазуға болады. Кино түсіретін режиссер табылса, барынша көмектесе аламын. Әлихантанушы емеспін, бірақ өнер адамы ретінде қолұшын соза аламын. Қаншама жылдар бойы Алаш қайраткерлерінің көбінің атын атауға тыйым салынды. Қазіргі ұрпаққа артылған аманат – рухты, өр бабаларымызды келер ұрпаққа таныту. Ал олардан рухтанған біздің ұрпақ Әлихан аңсаған өмір мен жетістікке жету керек. Әрбір қазақ өзінің өткенін іздесе, ата-бабамыздың мынандай жазиралы даланы қандай азаппен сақтағанын түйсінсе, текті ұрпақтан тарағанын білсе, қазақтың көсегесі көгереді деп ойлаймын. Қазір Әлиханның кім екенін, ұлтқа қандай еңбек сіңіргенін көзі ашық, көкірегі ояу адамдар болмаса, білмейтіндер көп. Тіпті, ол туралы зерттеген менің де білетінім шамалы. Қарқаралы петициясын кім жазды, не туралы жазылды, қанша адам қол қойғанын білетіндер санаулы. Спектакльге келген көрермен тым болмаса, осыны білсе екен деген ой болды. Мысалы, Әуезовке «Абай туралы жаз» деп ақыл-кеңес айтқан да Әлихан болатын. Ал, жалпы Абайды қазаққа алғаш танытқан – Әлихан. 1905 жылы қаралы мақала жазып, толық шығармасын талдап, паш еткен. Содан бері Абай туралы зерттеу мақалалары жазыла бастады. Міне, жұрт Әлиханның атқарған қыруар шаруаларының аз ғана бөлігін білетін шығар... Міне, осыдан кейін театрлардың қызмет ету функциясы өзгеріп бара жатыр деп айтуға болады. Қазір бұл қасиетті шаңырақ тек өнер ордасы ғана емес, білім ордасының да міндетін атқаратын сияқты. Мысалы, Қ.Қуанышбаев театры «Сәкен сұңқар» деген спектакль қойды. Сол қойылымнан кейін С.Сейфуллинді енді танып-біліп жатқан мектеп оқушыларын көрдім. Балалардың «Сейфуллин көшесі осы кісінің атына қойылыпты, ол осындай күшті кісі болған екен ғой» – деп әңгімелесіп бара жатқанын естіп, өзім де айран-асыр болдым. Яғни, жыл бойы кітап бермеген нәрсені бір жарым сағатта театр берді. Осыдан кейін тарихи тұлғаларымыз туралы жазылған дүниелердің көбейгеніне тек қуануымыз керек. Әрине, оның сапасы, мазмұны, шындығы, ол басқа әңгіме. Ең бастысы, ел осындай дүниелер арқылы танымал тұлғалар туралы тереңірек біле бастады. – Пьесаның соңғы шешімі ұнады. Тергеушінің жұмысынан бас тартып, мұғалім болып, бала тәрбиелеймін дегені, кетерінде Әлиханның батасын алуы көрерменді ізгілікке тәрбиелейді. Бұл көркемдік үшін ойдан қосылған ба? – Бұл таза өз ойым. Абақтыда жатқан Әлихан башқұрттың бір баласының санасына сәуле құйып, адам етіп жібергені өте әсерлі шықты. Яғни, Әлиханға жолаған адамның көкірегі нұрланып, ақылға келуі, түрмеде отырып бауырлас ұлт өкілінің көзін ашуының арқасында қазақтың ұлылығын көрсеткім келді. – Әңгімеңе рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!  

Әңгімелескен Динара

Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары