«ҚазАвтоЖолға» 1,3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін 160 лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«ҚазАвтоЖолға» 1,3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
БҚО ПД
407

БҚО аумағы арқылы өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға жүргізілген көктемгі кешенді зерттеу нәтижелері бойынша көп кемшілік анықталды.

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, шұңқырлар мен ойықтар, жолдың шөгуі, сондай-ақ жол белгілерінің болмауы көлік қозғалысына тікелей әсер етеді.

«Осыған байланысты БҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының атына орындау мерзімдерін белгілей отырып, кемшіліктерді жою туралы нұсқама жолдаған болатын. Алайда қайтадан тексеру кезінде кемшіліктердің жойылмағаны, нұсқамалардың орындалмағаны белгілі болды. Сондықтан аталмыш филиалға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, сот тәртібімен 1 млн 292,2 мың көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, биыл жеті айдың қорытындысы бойынша БҚО полиция департаментінің бөліністері жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін 160 лауазымды қызметкерді, соның ішінде 70 бірінші басшыны әкімшілік жауапкершілікке тартты», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол жөндеу кезінде анықталған кемшіліктер жойылмай отырғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары