"Таңертең дүкеннен сатып алдық": Бас бапкер Әлия Юсупова Олимпиадада төрешілерге шағым түсіргенін айтты

Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова шәкіртінің өнеріне баға берді

"Таңертең дүкеннен сатып алдық": Бас бапкер Әлия Юсупова Олимпиадада төрешілерге шағым түсіргенін айтты
Сали Сабиров
55300

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова Париж Олимпиадасында қандай қиындыққа тап болғанын, неліктен төрешілерге шағым түсіргенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Париж Олимпиадасында көркем гимнастикадан ел намысын қорғаған 18 жастағы Эльжана Таниева жарысты 13-орынмен аяқтап, финалға өте алмады.

"Эльжана Таниева өте еңбекқор спортшы. Ол өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып, керемет әсер алып отыр. Жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Бірақ ұршық жаттығуы үшін өте аз ұпай берді. Таниева доппен жаттығуда өрескел қате жіберіп, допты қолынан түсіріп алды. Ал ұршық жаттығуын өте таза орындап шықты. Бір қызығы, төрешілер таза орындалған ұршық жаттығуына доптан да төмен ұпай берді. Мен бірден төрешілерге шағым түсірдім. Алайда, олар шағымды қанағаттандырған жоқ. Неліктен мұндай төмен ұпай қойғанын түсінбедім"; – дейді бас бапкер.

Одан бөлек, ол жарысқа бір күн қалғанда қиындыққа тап болғанын айтады.

"Эльжананың таспасында Road to Paris деген жазу бар еді. Ұйымдастырушылар бір күн қалғанда мұндай жазуы бар таспамен жарысқа жіберілмейтінін айтты. Ал спортшылар үшін ұсталған, дайындалған құралмен өнер көрсету өте маңызды. Таңертең дүкеннен су жаңа таспа сатып алдық. Бірақ бұл таспа да жаңа болғандықтан, дұрыс ұшқан жоқ. Содан әлем чемпионы, италиялық София Рафаэллиден бір таспа сұрап алдық. Сол үшін рахмет айтамыз оған", – дейді Әлия Юсупова.

Серіктес жаңалықтары