Ферроқорытпа зауытында зардап шеккен бір жұмысшы ауруханада көз жұмды
Төтенше жағдай салдарынан 8 жұмысшы зардап шеккен еді.
Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиға салдарынан ауруханаға түскен бір науқас қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz порталы halyq-uni.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетсек, төтенше жағдай салдарынан 8 жұмысшы зардап шеккен еді. Оның ішінде 5 адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр болды. Шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізілгенмен, бір науқастың өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.
Дәрігерлер қанша тырысқанмен, Қарағанды ферроқорытпа зауытының зардап шеккен жұмысшыларының бірін аман алып қала алмады. Осы уақыт бойы жағдайы өте ауыр болған, денесінің 85 пайызын терең күйік шалған 1993 жылы туған науқас қайтыс болды. Марқұмның жақын туыстарына шын ниетпен көңіл айтамыз, – делінген Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.