Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болған спорт мектебі мемлекетке қайтарылды

Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болған спорт мектебі мемлекетке қайтарылды
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Фото: gov.kz
432

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылды.

17.07.2024 жылы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді, - делінген Алматы қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Cотта нысанның нарықтық құнын 551 млн теңгеге төмендету көрініс тапқан заң бұзушылықтар расталды.

Әкімшілік ғимараттардың, спорт залдарының және басқа да құрылыстардың 7,6 мың м2, сондай-ақ 4,9 га жерді құрайтын мектептің мүлкіне, А. Мұхамедиұлымен аффилиирленген тұлғаларға тиесілі «Nomad's Land» ЖШС иелік еткен.

Еске салсақ, бұрынғы мәдениет министрі бұған дейін екі іс бойынша айыпты деп танылды. Әуелі Ұлттық музейдегі жемқорлық дерегі бойынша 8 жыл арқаласа, кейін сол жазаны жеңілдету үшін адвокаты арқылы пара беріп, тағы айыпты болды. Сонымен алғашындағы сегіз жыл жазасына тағы үш жыл қосылып, 11 жылға сотталды. Сот үшінші іс бойынша да кінәлі деп тапқанның өзінде, тағы 12 жыл жаза қосылмайды. Заң бойынша, айыпталушы кесілген үш жазаның ішіндегі ең ауырын өтеуге тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының әйеліне қатысты үкім өзгергені жайлы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары