"Ет асамын, қамыр илеймін": Әнші Бауыржан Исаев көпшілік білмейтін қыры туралы айтты
Өз киімімізді өзіміз жинайтынбыз, өзіміз үтіктейтінбіз, өзіміз жуатынбыз, үй де жинайтынбыз.
17 жасында "Азия дауысы" байқауының бас жүлдесін иеленген әнші Бауыржан Исаев Elarna-ға берген сұхбатында көпшілік білмейтін қыры туралы айтты.
"Өзім ет асамын. Қамыр илеп, қамыр жаямын, лағман, манты мен палау пісіремін. Өзім үйрендім деп айта алмаймын, бірақ анамыз кішкентайымыздан солай тәрбиелеген. Өз киімімізді өзіміз жинайтынбыз, өзіміз үтіктейтінбіз, өзіміз жуатынбыз, үй де жинайтынбыз. Мектепте оқып жүргенде. Сосын студент атанып, Алматыға көшкен соң бұл нәрсе маған қиынға соқпады. Тамақты да өзім дайындайтынмын. Әлі күнге дейін үйде қуырдақ, палау жасайтын, ет асатын мен. Біраз тағамды жасай аламын, үйдегілерге, бала-шағама қатты ұнайды", - дейді әнші.
Сондай-ақ әнші әкесінің де тамақ әзірлегенді ұнататынын айтты.
"Анамның тағамы ерекше ғой, бірақ әкем кеспе көжені керемет істейді. Кейбір кезде ауылға жылына бір рет барған кезде әкемнен көже жасап беруін сұраймын, ерекше дәмді болады, Бірақ, әрине, ананың тағамы бір бөлек", - деді Бауыржан Исаев.