Ташкентте 1,5 мыңға жуық қараусыз бала ұсталған

Ташкентте 1,5 мыңға жуық қараусыз бала ұсталған

Ташкентте 1,5 мыңға жуық қараусыз бала ұсталған
ашық дереккөзі
Ташкенттің ішкі істер бас басқармасы (ІІББ) соңғы екі айда астана көшелерінде ата-ана қарауынсыз қалған 1400 баланы ұстаған. Олардың көбі аймақтардан жұмыс істеуге келіп, базарда арба айдап, көліктер жуып жүрген.
Ташкент қаласы ІІББ майоры Рашид Умиров «Тозалаш-Антитеррор» жедел-іздестіру шарасы барысында 18 күннің ішінде астанада 400-ге жуық кәмелетке жасы толмаған, ата-ананың қарауынсыз қалған бала анықталды дейді. Жыл басынан бері мың жарым жасөспірім ұсталған. Ташкенттегі «Урикзор» базарында жұмыс істейтін Батыр есімді кәсіпкер арба айдайтындардың ішінде әр облыстардан келген балалардың көп екенін айтады. – Бұл балалар 10-15-тен топтасып базар маңындағы пәтерлерде тұрады. Бір арбаны 18 мың сумға (2,5 АҚШ доллары көлемінде) жалға алады да, кеш қарайғанға дейін жұмыс істейді. Күніне олар 100 мың сум (13 АҚШ доллары шамасында) табыс табуы мүмкін. Әрине бұл облыстардан келгендер үшін өте жақсы ақша. Бірақ милиция үнемі солардың соңдарынан түседі. Әсіресе мейрам қарсаңында оларды ұстап, автобусқа тиеп әкетеді. Бірақ мейрамнан кейін, олар базарға қайтып келеді. "Өмір сүру үшін күрес" деген түсінік бар ғой, – дейді астаналық кәсіпкер. Ташкент қаласы ІІББ мәліметінше, қараусыз қалған балалардың көбі колледжде оқитындар. Рейдтің нәтижесі бойынша, олардың ата-аналары мен барлық кәсіби колледж мұғалімдерін әкімшілік жазаға тартқан.