Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз
Өткен аптада Президент Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары аясында 46-Сингапур лекциясында дәріс оқыды. «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбындағы дәрісте Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық пен орнықты дамудағы орта державалардың алатын орны, атқаратын рөлі мен маңызына қатысты ойын ортаға салды. Одан бөлек, Euronews интернет-басылымында «Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады» атты тақырыпта Мемлекет басшысының мақаласы жарық көрді. Дәрісте де, мақалада да Президент қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуал, бұлыңғыр уақытта алдағы жолды адаспай табу, әлемдік ынтымақтастық және ондағы Қазақстан мен басқа да орта державалардың рөлі сияқты маңызды мәселелерге тоқталып, бірқатар өзекті сұраққа жауап береді.
Біз де Сингапур сияқты сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз
Сингапур лекцияларын 1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатыр. Бұл – саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдарға Мемлекет басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлерді тікелей тыңдауға мүмкіндік ашатын алаң.
Мемлекет басшысы сөз басында Сингапурға келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ли Куан Юдің елдің дамуына қосқан үлесіне тоқталып, Сингапурда өткізген жылдарында жиған тәжірибесі мен көрген-түйгені Қазақстанның келешегі туралы пайымының қалыптасуына әсер еткенін айтты.
– Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті, – деді Президент.
Президент еліміздегі өзгерістерге тоқталып, «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларын салыстырып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, екеуінің ұқсастығы көп.
– Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Былтыр экономикалық өсім 5,1 пайызға артты. Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз, – деді Президент.
Одан бөлек, Президент Қазақстандағы инвестициялық саясат пен экономиканы әртараптандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
– Биыл қаңтар айында Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты. Сингапурлықтар өздерін кішкентай ел санайтынын жақсы білемін. Алайда менің ойымша, Сингапурдың қаржылық және экономикалық ықпалы, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жолдарының тоғысында орналасуы, 2024 жылғы Global Firepower есебі бойынша 145 елдің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мемлекеттің орны әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірге айналдырды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур сияқты «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды.
– Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек, қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Қанша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, адамзат жаңа әскери қақтығыстардың құрбанына айналады. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін, – деді Президент.
Қабырға тұрғызбай, көпір салу қажет
Мемлекет басшысы сыртқы саясаттағы Қазақстанның ұстанымына да тоқталды. «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра беретінімізді айтқан Президент тұрақсыз дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете алатынымызды жеткізді. Сол себепті қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарауға болмайтынын да айтты.
– Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз, – деді Президент.
Сондай-ақ аймақтық диалог мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Президент Қазақстанның Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлікке ықпал етуге тырысуын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сонымен қатар БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күш жіберуін мысал ретінде айтты.
Одан бөлек, жаһандық түйткілдерді шешудегі Сингапур дипломатиясының рөлі туралы да айтылды.
– Сингапур 2015 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Тайванның бұрынғы Президенті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз, – деді Президент.
Президент соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оның алдын алу керек екенін айтты.
– Ондаған жыл бұрын біз қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жылымық кезеңді соншалықты үмітпен қарсы алдық, мүмкіндіктер мен өркениет жетістіктеріне толы келешекті көзімізге елестеттік. Алайда бүгінгі қара бұлттай үйірілген қауіп-қатер мен тұла бойыңды тітіркендіретін мазасыздық сезімі осы сәулелі ойға көлеңке түсіргендей көрінеді. Көпжақты институттардың абырой-беделін қалпына келтіріп, мультилатерализмге тың серпін беру үшін оларды жаңғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп-жетілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбейінше, біз бұл міндетті орындай алмаймыз. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта державалар мен дамушы елдердің кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.
Қазақстан көпжақты ұстанымын білдіруге қашанда әзір екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ проблеманы еңсеру үшін «қабырға тұрғызбай, көпір салуы» қажет екенін жеткізді.
– Қазақстан көпжақты ұстанымға бейім екенін білдіруге қашанда әзір. Биыл біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ислам ұйымы және Халықаралық Аралды құтқару қоры секілді алты халықаралық құрылымға төрағалық етеміз. Жаһандық басқару жүйесінің осал тұстары айдай анық, ол ешкімге құпия емес. СOVID-19 пандемиясы елдердің ортақ проблеманы еңсеру үшін «қабырға тұрғызбай, көпір салуы» қажет екенін көрсетті. Осы түйткілдердің ішіндегі ең қорқыныштысы – ядролық қатер. Қазақстан – ядролық қарудан әбден зардап шеккен ел. Осы себепті біз ядролық қарудан ада әлем үшін күресімізді тоқтатпаймыз, – деді Президент.
Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстан мен Сингапурдың ұтымды тұсы саналады.
– Былтыр қыркүйек айында The Jerusalem Post басылымында «Діндер көшбасшылары бүкіл әлемде бейбітшілік орнауына ықпал ете алады» деген мақалам жарық көрді. Бейбітшілік мәдениеті тек бірлігіміз әралуандықта және өзара құрмет қағидаларына ғана негізделе алады. Бұл ретте Қазақстан бастамасымен ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі диалогты дамыту және ортақ құндылықтарды насихаттау үшін бірегей алаңға айналды. Біз Сингапурдың Бірлігі жарасқан қоғам халықаралық конференциясын өткізу жөніндегі бастамасын (ICCS) құптаймыз. 2022 жылы сәуір айында мен Медиативті келісімдер туралы Сингапур конвенциясын ратификациялаған заңға қол қойдым. Бұл трансшекаралық мойындау процесінің тиімділігін арттырады және бітімгерлік реттеу туралы келісімнің орындалуын қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді байланыс жасай алады деп есептейтінін айтты.
– Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Президент.
Сондай-ақ Президент Орталық Азия және АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы да сөз қозғады. Бүкіл жетекші державалармен тату қарым-қатынас жасайтын Орталық Азия елдері зор мүмкіндіктерге ие екенін айтты.
– Жас әрі қуатты халық, қалыптасып келе жатқан орта тап, табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарының байлығы, транзит әлеуеті өсім үшін берік негіз қалайды. Аймақтың экономикасы қарқынды дамыса, оның стратегиялық маңызы да арта түседі. Орталық Азия елдерінің жыл сайынғы консультативтік кеңесі, Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағы және Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы қарым-қатынастар өңіріміздің дербес ынтымақтастық құруға қабілетті екенін көрсетеді. Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мен барша серіктестерімді бізге осы тұрғыдан қарауға шақырамын. Менің ойымша, Сингапурдың АСЕАН кеңістігінде ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін «өзара тоғысатын достар ортасы» ұғымы – Орталық Азия үшін де өте өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия G5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді. Біз өзекті өңірлік міндеттерді шешу үшін барша мүдделі тараппен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Президент.
Сөзін түйіндей келе, Перезидент сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Дәрістен соң Мемлекет басшысы бірқатар сұраққа жауап берді.
Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады
Сондай-ақ осы аптада Euronews интернет басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады» атты мақаласы жарияланды.
– Қазақстан секілді елдер алға қарай адымдауға еселенген күш салуға тиіс, бұл ретте олар өздерін тек қана қатысушылар ғана емес, жауапты жетекші ретінде көрсетуі керек, – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің эксклюзив мақаласында.
Геосаяси турбуленттілік және қақтығыс толастамай тұрған қазіргі әлемде көпжақты шешімдердің ауадай қажет екені бұрын-соңды болмаған дәрежеде байқалып отырғанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы соғыстар жүздеген мың адамның өмірін қиғанын, ал климаттың өзгеруі миллиондаған адамның тұрмыс-тіршілігіне зардабын тигізгеніне тоқталды.
– Бұл қақтығыстардың шешімі жоқ сияқты көрінеді және үміт оты да сөнуге айналды. Жаһандық алауыздық жайлаған жағдайда дәстүрлі державалар – әлемнің экономикалық және саяси алпауыттары бір-бірімен бірлікте жұмыс істей алмай отыр. Украинадағы қақтығыс дипломатиялық тығырыққа тірелді, Газадағы жалғасып жатқан жағдай эпикалық гуманитарлық апатқа айналды, – деді Президент. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық консенсусқа жетуді мақсат тұтқан құрылымдар дәрменсіз күйге түсіп отырғанын да жазған.
Президенттің сөзінше, осындай жағдайда Қазақстан сияқты орта державалар өз аймақтарында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға, дамуға мүмкіндік беретін күш-қуаты бар маңызды ойыншыға айналып бара жатыр.
– Аса ірі державалардың саясатындағы ауыртпалықтан ада біздің икемді жағдайымыз күрделі дипломатиялық ахуалға бағдарлануға және тыңнан сүрен салып, жол табуға мүмкіндік береді, – деп жазды Президент.
Бұл мақалада да Мемлекет басшысы ұзаққа созылған қақтығыстарды шешу жолдарын іздеуде қол ұшын созудан қорықпайтынымызды айтады. Бұған мысал ретінде Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөз жүргізуге жасаған арағайындығымызды келтіріп өтеді.
– Келер жылы Хельсинкидегі Соңғы заңның қабылданғанына 50 жыл толады, Бұл қырғи-қабақ соғыстан кейінгі әлемдегі ұлы державалар арасындағы алауыздықтың қайта тұтануы туралы тағы бір ойлануға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – бұл айтулы оқиға әлем бірлікке жету жолы бұрын да жүріп өткенін, бұрын да келіспеулер мен қақтығыстар болғанын, оны қайтадан дипломатия және диалогтың көмегімен басуға болатынын еске сала-
ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Біз әлеміміздің жаңа тынысын ашу үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек, – деп жазды Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ол үшін алып, орта және кішігірім – барлық мемлекет атсалысуы қажет.
– Алайда ірі державалар көпжақты процеске сенгісі келмейтіндіктен, ал кішігірім елдердің қажетті ықпалы жоқ болғандықтан, бұл істі қолға алу – орта державалардың міндеті.
Қазақстан сияқты елдер бар күш-жігерін салып, бірігіп алға қадам басып, қатысушы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемдік аренадағы жауапты менеджер ретіндегі рөлімізді растауы керек.
Осынау маңызды кезеңде біз барлық халықаралық серіктесімізді көпжақтылықты нығайтуға, бізді осы уақытқа дейін жеткізген жаһандық жүйені жандандыруға және қайта инвестициялауға қосылуға шақырамыз. Біздің бірлесіп атқарған жұмысымыз бүгінімізді бейбіт етуге салған күшімізді ғана емес, гүлденген және үйлесімді болашаққа деген адалдығымызды көрсетсін.
Мойнымыздағы жүк ауыр, бірақ табандылықпен, көшбасшылықпен және диалогқа деген адалдықпен біз бүгінгі қиындықтарды ертеңгі жетістіктерге айналдыра аламыз. Көпжақты жаңару дәуіріне жол ашайық, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.
Қорыта айтқанда, Президент қазіргі бұлыңғыр да бұлдыр уақыттың тұманын сейілту үшін бірлік пен түсіністіктің, яғни диалог пен дипломатияның маңызы зор екенін жеткізген. Әлемдік алаңдарда осылайша ой тастауы еліміздің позициясы мен рөлін айқындап, шиеленіскен ахуалдың шешімін табуға орта державалардың, соның ішінде Қазақстанның да үлес қосатынын көрсетеді.