Қырғыз елінде қазақстандық кәсіпкерге тағылған айып алынды

Ол бұрын Камчы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінген.

Қырғыз елінде қазақстандық кәсіпкерге тағылған айып алынды
gov.kg
540

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті «Kazakhmys Holding» ЖШС топ-менеджері және «Алтыналмас», «Қаражыра» акционері Владимир Жұманбаевқа қатысты қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікте жүргізілген қылмыстық істі тоқтатты. 

5 маусымда желіде Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Қазақстан азаматы Владимир Жұманбаевқа халықаралық іздеу жариялағаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін оған «заңдағы ұры» деп аталып кеткен Камчы Асанбектің қылмыстық тобының қызметін қаржыландырды деген айып тағылды.

Алайда Владимир Жұманбаев тергеуден жасырынбады, тек сол кезде еңбек демалысында болған. Ол тергеу аяқталғанша істің анық-қанығына жетуге көмек берді.

«2024 жылғы 19 маусымда Жұманбаев Қырғыз республикасының аумағына келді. Онда тергеу органдарының белсенді қатысуымен бірқатар тиісті жедел іс-шаралар өткізілді», - делінген Қырғызстан ҰҚМК хабарламасында.

Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша Владимир Жұманбаевтың қылмыстық топ қызметі мен қаржыландыруға қатысы жоқ екені анықталып, тағылған айып алынып тасталғаны көрсетілген. Жұманбаевқа қатысты сотқа дейінгі іс жүргізу процесі тоқтатылды. Осылайша оның Қырғызстан қауіпсіздік комитеті таққан айыпқа қатысы жоқ екені анықталды.

Компаниялар тобы өз қызметін Қазақстан республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және өз қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға дайын.

Серіктес жаңалықтары