Талғарда тұрғындар аспандағы ерекше құбылысты түсіріп алды (ВИДЕО)

Бірі мұны метеорит десе, енді бірі ұшатын белгісіз нысан деп топшылады.

Талғарда тұрғындар аспандағы ерекше құбылысты түсіріп алды (ВИДЕО)
скриншот
519

Алматы облысының тұрғындары 13 маусымға қараған түні аспаннан ерекше жарықтарды байқаған.

Видео kris_p_talgar парақшасында пайда болды.

«Білетін адамдар мұның не екенін түсіндіреді деп ойлаймыз. Бұл құбылыс туралы ақпарат таппадық», – дейді ролик авторы.

Желі қолданушылары ерекше құбылыстың видеосын бөлісті. Дегенмен бұған қатысты қазақстандықтардың пікірі әртүрлі. Бірі мұны метеорит десе, енді бірі ұшатын белгісіз нысан деп топшылады.

Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тұрғындардың спутник фрагменттерінің жанып жатқанын байқағанын түсіндірді.

«Фесенков атындағы астрофизикалық институт мамандарының айтуынша, әдеттен тыс құбылыс Жер атмосферасына түскен кезде құлаған спутниктің фрагменттерінің жануы деп түсіндірілді. Бұл жер атмосферасына 13 маусымда қонуы керек деп болжанған Starlink-31469 спутнигі болуы мүмкін», – деп түсіндірді департамент.

Orbitalfocus.uk сайтында қазақстандықтар ғарыш кемелерінің атмосфераға қашан енетінін бақылай алады.

Серіктес жаңалықтары