Мәжіліске Мысыр Сенатының төрағасы келді

Біздің мақсатымыз – екі ел Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Мәжіліске Мысыр Сенатының төрағасы келді
Автор
Админ
430

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқпен кездесті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде парламентаралық байланысты тереңдету  мәселесін талқылады.

Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.

Осы уақыт ішінде екі ел арасында тығыз ынтымақтастық орнады. Бұл ең әуелі біздің көшбасшыларымыз – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әбдел Фаттах Ас-Сисидің ерен еңбегінің арқасында деп білемін. Алдағы уақытта да екі ел басшыларының әріптестікті күшейтуге бағытталған жұмысын біз Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, экономикалық реформалар туралы айтып, Мәжілістің заң шығару қызметіне тоқталды.

Тараптар екі ел депутаттары достық топтарының жұмысын жандандыруға келісті.

Осы орайда Ерлан Қошанов заңнама саласында тәжірибе алмасып, екі елдің шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге, атап айтқанда, Қазақстан мен Мысыр арасындағы ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы шарттарға қол қоюдың маңыздылығына назар аударды.

Өз кезегінде Әбделуахаб Әбделразеқ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды толық қолдайтынын айтты.

Біздің мақсатымыз – екі ел Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық және саяси байланыстарды арттыруды көздейміз. Екі ел көшбасшылары да ықпалдастықты одан әрі күшейтуге ниетті. Бүгін Қазақстан Президентімен кездесу біз үшін зор мәртебе болды, – деді Мысыр Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқ.

Отырыс барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзит,  туризм саласы мен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

Жиын соңында Ерлан Қошанов Мысыр Сенаты төрағасының ресми сапары елдер арасындағы саяси диалогты нығайтып, Парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

Серіктес жаңалықтары