Ақтөбедегі атыстан 8 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтөбедегі атыстан 8 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты
Almaty-akshamy.kz
1219

Ақтөбе қаласында атыс болып, бір адам қаза тапты. Ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Ресми ақпарат бойынша, 28 мамырда Ақтөбе қаласындағы Жедел медициналық көмек ауруханасына 18-22 жас аралығындағы 9 тұрғын жеткізілген. Олардың аяғына оқ тигені, пышақ жарақаты бары анықталған.

«Ауруханаға жеткізілгендердің бірі пышақ жарақатынан реанимация бөлімшесінде қайтыс болды», - делінген ресми ақпаратта.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2006 жылы туған науқас ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Оның бірнеше пышақ жарақатын алғаны анықталған. Оған 30 минут бойы жансақтау бөлімінде көмек көрсетілген, алайда науқас алған жарақатынан қайтыс болды.

Тағы жарақат алған 8 науқас травматология бөліміне жеткізілген. Ішінде 22 жастағы 2 науқас, 21 жастағы 1 науқас, 20 жастағы – 2, 19 жастағы – 1, 18 жастағы екі науқас бар. 

Жергілікті полиция төбелеске қатысқандарды анықтап, қылмысты жасады деген күдікпен 4 адамды ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Серіктес жаңалықтары