Жезқазғанда көлік тізгіндеген 5 жастағы қыз бірнеше адамды басып кетті

Ұлытау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме берді.

Жезқазғанда көлік тізгіндеген 5 жастағы қыз бірнеше адамды басып кетті
сурет: видеодан скриншот / inbusiness.kz

Жезқазғанда 5 жастағы қыз бірнеше адамды басып кетті. Бұл туралы inbusiness.kz сайты жазды. 

Бұл оқиға қаладағы ойын-сауық орындарының бірінің маңында болған. Көлік еңіс жерге қойылған. Кенет көлік артқа қарай жүріп, мейрамханадан шыққан адамдарды қаққан.

Ұлытау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме берді. 

"Полицияда жағдай тіркелді, зардап шеккендер жоқ, көлікте отырған бес жастағы бала қол тежегішін алып тастағаны анықталды. Жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды", – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.

Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскен төрт адамның үшеуі – әйел, біреуі – ер адам. Ер адамның қабырғалары сынған, ішкі ағзалары көгерген. Ал зардап шеккен үш әйел амбулаторлық емделуге жіберілді, олардың да ішкі ағзалары көгерген.