Тексеру нәтижесінде Алматы облысының прокуратурасы, түзеу мекемелерінде елеулі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады turkystan.kz.
Сотталғандар ұялы телефондар пайдалану арқылы онлайн сатып-алуды, кредиттерді рәсімдеп және букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино арқылы құмар ойындарға қатысқан. Онда ақша қаражатының жалпы айналымы 3 млрд теңгеден асады.
«№10-шы мекеменің сотталғандары мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан. Аталған дерек бойынша Алматы облысының прокуратурасымен ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді», - делінген хабарламада.
Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің үш қызметкеріне түрлі жазалау шаралары қабылданды.
«Бұдан басқа, облыс прокуратурасы ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, №57 мекеме бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Анықталған деректер, қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен бұзушылықтардың жалғасып жатқандығын айғақтайды», - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасуда және қазіргі уақытта ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.