Қанша қазақстандық соғыс батырларының есімімен аталған?

Елімізде қанша қазақстандық соғыс батырларының есімін алып жүргені белгілі болды.

Қанша қазақстандық соғыс батырларының есімімен аталған?
jambylinfo.kz

Қазақстанда соғыс батырларының есімін алып жүрген адамдар аз емес. Sputnik Қазақстан ұлттық статистика бюросының арнайы қызметі арқылы олардың нақты санын білді, деп хабарлады turkystan.kz.

Бауыржан
Қазақстанда Бауыржан есімді 43 540 адам бар. Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы аңызға айналған панфиловшылар дивизиясының құрамында соғысқа аттанды. Одан кейін батальон командирі ретінде Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. Момышұлына "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Талғат
Қазақстанда Талғат есімді 46 916 адам тұрады. Танымал ұшқыш Талғат Бигелдинов екі мәрте Кеңес одағы батыры атанған.

Әлия
Кеңес одағының тағы бір батыры, мерген Әлия Молдағұлованың есімі де қыздар арасында танымал. Әлия есімді – 10 416 адам, Алия есімді – 56 862 адам бар.

Сергей
Қазақстандық ұшқыш Сергей Луганский де Кеңес одағы батыры атағын екі рет алған. Қазіргі кезде оның есімін 134 302 адам алып жүр.

Рақымжан
Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты білмейтін адам кемде-кем. Оның есімін алып жүрген қазақстандықтардың саны 8 455 адамды құрайды.

Мәншүк
Мәншүк Мәметова майданға өз еркімен барды. Аға сержант атағын алды, пулеметшілер тобының командирі болды. Қазақстанда оның есімімен аттас 5 979 қыз тұрады.

Қасым
II дүниежүзілік соғыстың батыры, аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы Қасым Қайсеновтың есімін 5 091 адам алып жүр.

Сағадат
Қазақстанда Сағадат есімді 3 139 адам тұрады. Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі де болған.

Хиуаз
Сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен ержүрек, қайсар қыздардың бірі - Хиуаз Доспанова. Фашистер оны "түнгі мыстан" деп атап кетті. Қазақстанда сирек кездесетін осы есімді 591 қыз алып жүр.
 

Иван
Қазақстанда Иван есімі 44 016 адамға берілген. Қазақстандық ұшқыш Иван Павлов та екі мәрте КСРО батыры атағын алған.
 

Жеңіс
Жеңіс есімін алған қазақстандықтардың саны аз емес. Барлығы – 11 123 адам.