Қазақтың басты мәселесі – баспана

Қазақтың басты мәселесі – баспана

Қазақтың басты мәселесі – баспана
ашық дереккөзі

Былтырғы халыққа Жолдауында ҚР Президенті Н.Назарбаев тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 69050 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салу жоспарланған екен. Баспана өткен ғасырдан бастап қазақтың «бас ауруына» айналған. Шындығында, қазақ урбанизация үдерісіне ілінгенде-ақ қаладағы қорап пішіндес шектеулі шаршы метрлерге тәуелді бола бастады. Содан бері кем дегенде үш буын ұрпақ шаһарларда пана болар жеке шаршы метрлерге зар болып, тәуменді болуға бой үйретті.

Баспана зарының ХХ ғасырда қара халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткені сондайлық, қазір отау құрған жастар ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде қоныс теуіп, қайда тұрақтарын ойлап, қамығады. Бір ғажабы, кешегі көшпелі елдің ұрпағына ғана тән қасиет бұл. Себебі ежелден отырықшы елдердің тұрғындары үшін баспананы несиеге сатып алу немесе өмір бойы пәтер жалдап тұру сөкеттік емес, олар тіпті көп уақыт қонақ үйде тұрақтауды бойына ар санамайды. Ал қазақ үшін баспана – «өз үйім, өлең төсегім» ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, әулет айбары – қара шаңырағы, ал қазіргі заманда – әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы, тіпті капиталды көбейтер инвестициясы. Сондықтан да баспана – қазақ үшін әлі талай жыр болар өзекті тақырып.

Баспана – әлеуметтік жағдайдың индикаторы

Сонымен, баспана, яғни жеке пәтер немесе өз үй-жайы, яғни өзгелерден оқшаулайтын төл шаршы метрлері, Жиренше шешен айтпақшы «өз үйі, өлең төсегі» болуы бүгінгі қазақ үшін әлеуметтік жағдайдың, қоғамдағы рөлінің, материалдық-қаржылық ахуалының белгісі, айнасы. Бұл тұрғыдан алғанда, жеке пәтері бар адам – орташа таптың өкілі, ал жеке коттеджі бар – бақуаттының қатарында, шетелде, теңіз жағасында не тау аңғарында кең сарайдай үйі бар адам – байшікештің нақ өзі. Ал кең-байтақ Қазақстанның бірде-бір қаласында жекеменшік үйі жоқ адам өзін кедейге жатқызбаса да, байлар санатынан санай алмасы анық. Бұл тұрғыда әлеуметтанушылар «Баспана – әлеуметтік жағдайдың индикаторы» атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмысын жасаса да артық емес.

Public Policy Research мекемесі жасаған зерттеулерге сәйкес, Алматыда тұратын жасы 30-ға толмаған азаматтардың 54,3 пайызы жекеменшік пәтер жалдап тұрса, 18,6 пайызы жатақханада тұрып жатқан көрінеді. Ал 25 пайызы, яғни жастардың төрттен бірі ата-анасының немесе туыстарының үйін сағалап күн көруде. Тіпті жұмыс орнын мекен еткендер де бар екен, олар жалпы жастардың 2 пайызын құрайды. Ұзын сөздің қысқасы, алматылық жастардың 1,2 пайызының ғана жеке баспанасы бар. Астанадағы жағдай басқаша деп кім дауласа алсын? Мұндай зерттеулер мен көрсеткіштерден елдегі ірі қалалардағы баспана мәселесі ушығып тұрғаны білінеді. Әсіресе, жастардың әлеуметтік жағдайы алаңдатады.

Шынында да, баспана мәселесі ірі қалаларда, әсіресе, Астана мен Алматы шаһарларында «күйіп» тұр. Одан соң Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау т.б. облыс орталықтарында шаршы метрдің зәрулігі басым. Үшінші кезекте – Алматы мен Астана маңындағы Талғар, Қалқаман, Арқалық т.б. шағын қалалардағы жекеменшік пәтерлердің де бағасы тура мағынасында да, бейнелеп айтқанда да аспандап тұр.

Ресми деректерге жүгінсек, қазір елде коммуналды тұрғын үй қорынан үй алуға үмітті 300 мың адам кезекте тұр екен. Ең көбі – Астанада, 36 174 адам. Төрт қаладағы – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбедегі «үйсіздер» тізімінде тұрғандар жалпы кезектің 31 пайызын құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне жүгінсек, 300 мың адамның 130 мыңы – көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар. Ал 124 мыңы – бюджеттік мекеме қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер, 43 мыңы – жетім балалар екен.

«Үйсіздер» кезегі аталғанмен, анығында, бұл – мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. Тіпті, 90-жылдардың аяғынан – 2000-жылдардың басынан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қатары аз емес. Ал коммуналды тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтерлер саны елорданың өзінде жүзден аспайды. Мұндай қарқынмен баспанаға мұқтаж, әлеуметтік сүйеніші аз тұрғындардың қатары алдағы жүз жылда сирей қоймас. Сондықтан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген азаматтар бас­паналы болу үшін өз бетінше қам жасауға мәжбүр. Ал «Қолжетімді баспана-2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар тығырықтан шығудың бірқатар амалын ұсынады.

 Адам басына – 30 шаршы метрден

БҰҰ әлеуметтік стандарттарына сәйкес, әр адамға шаққандағы тұрғын үй мөлшері 30 шаршы метрден кем болмауы шарт. Сондай-ақ дамыған қоғамның әрбір мүшесі өз табысынан қор жинап, 3,5-4,5 жылда пәтер сатып алуға қауқарлы болуы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, баспананың қолжетімді болуы дегеніңіз осы. Бірақ Қазақстандағы тұрғын үйдің қолжетімдігі бұл көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Осы орайда, kn.kz сайтының сарапшы мамандары біздің елдегі тұрғын үйдің қолжетімді емес екенін есептеп, дәлелдеп шыққан. Елдегі тұрғын үйдің қолжетімділігі халықтың орташа табысы мен шаршы метрдің бағасының ара қатынасын есепке ала отырып анықталады. Мысалы, 2014 жылдың маусым айындағы есеп-қисапқа жүгінсек, орта табысты қазақстандық отбасы өз қаражатымен бас­пана сатып алу үшін 10,6 жыл бойы тірнектеп ақша жинау керек екен. Үш адамнан тұратын отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 38 000 теңгеден аспайды деп есептелген.

Бірақ Қазақстан заңнамасына сәйкес, әр жанға шаққандағы норма 18 шаршы метр­ден келеді. Үш адамнан тұратын отбасыға тиесілі шаршы метр көлемі 54 қана. Ал 4,5 жылда баспана алуға жеткілікті ақша жинау үшін біздегі шаршы метрдің бағасы қазіргіден 50-60 пайыз арзан болу керек. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы шаршы метр бағасының тым қымбат болуы нарықтағы ұсыныс пен сұраныстың ара-қатынасындағы айырманың үлкендігінде жатыр. Басқаша айтқанда, әлеуметтік тұрғын үй мен Астанадағы эконом-санаттағы үйлердің тапшылығы тұрғын үй нарығындағы теңгерімсіздікті ұлғайтса, алыпсатарлар мен көлеңкедегі капитал жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде.

Шын мәнінде, дамыған мемлекеттердің көпшілігінде эконом-санаттағы пәтер сатып алу үшін отбасылар 3,5-4,5 жыл ақша жинаса жеткілікті. Былтырғы есеп бойынша, АҚШ тұрғындарының өз қаражатына тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бұдан да жоғары екен. Америкалықтар орта есеппен 54 шаршы метрлік пәтерді екі жылға жетер-жетпес уақытта сатып ала алады. Ал Германияда мұндай баспана сатып алу үшін жеткілікті қаражат жинау мерзімі – 4,5 жыл, Ұлыбритания мен Жапонияда – 6 жыл, Франция мен Италияда шамамен 7 жыл. Ал Қазақстан, Ресей мен Белоруссияда – 8-8,5 жыл деп есептелген.

Бірақ бұл көрсеткіштерге қарап көңіл жұбатудың да реті келмес. Себебі, мамандар тұрғын үйдің қолжетімдігін айтқанда, нарықтағы жалға берілетін үйлердің бағасы мен ипотекалық несие шарттарын, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылу қарқынын қоса ескеру керек. Егер бұл факторлардың бәрін есепке алар болсақ, оның қорытындысы көңіл көншітпейді. Мысалы, АҚШ пен Еуроодақ елдерінде нарықта үйді жалға алу құны орташа жалақы көлемінің 20-30 пайызынан аспайды. Ал Қазақстанда және ТМД елдерінде тұрғын үйді жалға алатындар айлық табысының аз дегенде 64-76 пайыз көлемін жалға алатын пәтері үшін төлейді. Оған қоса, АҚШ-та ипотекалық несие алған тұрғын банкке айлық табысының 17 пайызын ғана береді екен, ал еуропалықтар айлық жалақысының 44-60 пайызын, жапондықтар 55 пайызын төлейді. Салыстыру үшін айтсақ, қазақстандықтар ипотекалық несие алып, оны қайтару үшін айлық табысының 119 пайызын беру тиіс. Басқаша айтқанда, орташа табысты тұрғынға ипотека қолжетімді емес деген сөзі.

Бірақ соңғы бес жылда Қазақстандағы тұрғын үй қолжетімділігі төмендеп, 10,6 жылға ұзарды. Қазіргі кезде үш адамнан тұратын, ортақ табысы 170 000 теңгені құрайтын отбасы ғана өз қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алу үшін ақша жинай алады. Бұл Қазақстандағы халықтың 25 пайызы ғана. Бірақ олардың 4 пайызының ғана коммерциялық банктерден ипотекалық несие рәсімдеуге құжаттары сайма-сай.

Оның үстіне, Қазақстанда 2006 жылдан бері жыл сайын салынып жатқан үйлердің көлемі жан басына шаққанда 0,4 шаршы метрден аспайды. Ал БҰҰ стандарттарына сай болуы үшін қазіргі тұрғын үй қоры 84 пайызға көбеюі керек. Бұл жағдай өзгермесе, дамыған мемлекеттердегі тұрғын үй стандарттарына 2076 жылы ғана, яғни 62 жылдан соң ғана жетеміз.

Статистика жөніндегі агенттік деректеріне жүгінсек, қазір еліміздегі тұрғындар саны 17 миллионнан асады. Ал 2014 жылы тұрғын үй қоры 319,3 миллион шаршы метр болған. Осылайша, әрбір тұрғынға шаққандағы шаршы метр орта есеппен 18,6-дан келмек. Қалай дегенмен де, БҰҰ стандарттарына сай әр адамға 30 шаршы метрден үй болуы керек деген өлшемнен алшақпыз.

Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінсек, бір буын ұрпақтың өмір ұзақтығы мерзімінде тұрғын халықтың баспана мәселесін оң шешу үшін жыл сайынғы құрылыс қарқыны адам басына шаққандағы 1 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Жапонияда тұрғын үй тапшылығын жою үшін кезінде жыл сайын әр тұрғын үшін 0,9-1 шаршы метрден үй салынса, АҚШ, Франция мен Германияда 0,7 шаршы метр шамасында үй салынған. Егер бізде биылдан бастап құрылыс қарқын алып, жыл сайын жан басына шаққанда бір шаршы метрден келетін үй салатын болсақ, 17 жылдан соң баспана тапшылығы жойылуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ салынатын үйлер екінің біріне бұйырмайтын элиталық емес, қарапайым халықтың қажеттілігіне арналған әлеуметтік баспана болуы шарт.

 Баспана – капитал ғана емес әрі кіріс көзі

Дамыған мемлекеттерде капиталды сақтаудың құнды қағаздар, пайлар сияқты көптеген жолдары бар. Ал бізде капиталды сақтаудың және ақшаны көбейтудің бірден-бір жолы – жылжымалы мүлік сатып алу. Онда да коммерциялық ғимараттар, элиталық баспана ғана емес, бизнес және эконом санаттағы тұрғын үйлер.

Қазақстанда IPO және ПИФ инвес­тициялық құралдары енгізілгенімен, олардың халықтың басым көпшілігі үшін тиімділігі әлі де күңгірт, сондықтан тұрғындардың басым көпшілігі жылжымайтын мүлікті инвестицияның бірден-бір көзі санайды.

Жалпы, риэлторлық агенттіктердің деректеріне жүгінсек, республикада жылжымайтын мүлік сауда-саттығына қатысты ай сайын 10-13 мың келісімшарт жасалады. Жыл он екі айда олардың ұзын-ырғасы 150 мыңға жетеді. Бұл елдегі баспана сатып алатын отбасылар саны 3 пайыздан аспайды деген сөз. Ал олардың ішінде тұрғылықты жай үшін сатып алатындар мен пайда көздеп сауда-саттық жасайтындардың ара-жігін ажыратып айтып беру мүмкін емес.

Бұлай деуімізге бір себеп, коммерциялық банктерден ипотека алуға белгілі бір қаражат қоры бар азаматтар ғана қауқарлы. Басқаша айтқанда, ипотекамен үй сатып алып, оны «қара нарықта» жалға беріп, пәтердің өз шығынын өз құнымен толтыру – қарабайыр «бизнестің» бір жолына айналған.

Шындығында, баспаналы болуға үмітті орта табыстылар үшін екінші деңгейдегі банктер ұсынатын ипотекалық несиелер тығырықтан шығудың бірден-бір жолы. Қазақстанда 36 екінші деңгейдегі банк болғанымен, іс жүзінде 24-інде ғана ипотека беріледі. Бірақ банктердің бірігу, портфельдерді қысқарту, ақша саясатын өзгертуі салдарынан іс жүзінде ипотекадан дәмелі азамат 7 банктен ғана несие рәсімдей алады. Бірақ орта табысты саналатын қарапайым отбасының ортақ айлық кірісі 250 000 теңге деп есептелсе де, бұл сома ипотекалық несие алуға жеткіліксіз екен. Сарапшылардың есептеуінше, екінші деңгейлі банктерден Астана қаласындағы тұрғын үйге 15 жылға дейін мерзімге ипотекалық несие рәсімдеу үшін отбасының ортақ табысы ай сайын 394 000 теңгеден кем болмауы тиіс.

Басқаша айтқанда, қазіргі таңда ипотека алудың ең тиімді жолы – «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің» делдалдығына жүгіну. Бірақ бұл банктен ипотека алу үшін оның депозиттік портфелінен есеп-шот ашып, аз дегенде үш жыл, үш ай қаражат жинауыңыз керек. Бұл банктен төмен пайызбен (3,5-5,0 пайыз) мемлекеттік бағдарлама аясында салынған әлеуметтік үйді сатып алу үшін қалада тұрақты тіркеуде болуыңыз керек және Қазақстан бойынша отбасыға тиесілі жекеменшік жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Құжаттарыңыз бұл талаптардың бәріне сай болса да, зәру шаршы метрлерге қол жеткізу үшін біршама күтуге тура келеді деген сөз.

Он жыл бұрын басталған мемлекеттік бағдарламалар не берді?

Тұрғын үй нарығындағы жағдайды реттеуді көздеген мемлекеттік бағдарламалар Президент жарлығына орай осыдан он жыл бұрын, яғни 2005 жылы басталып, үш кезеңде жүзеге асырылғаны мәлім.

Алғашқы 2005-2007 жылдар аралығында жүзеге асырылған Тұрғын үй даму бағ­дарламасының нәтижесінде 17,9 миллион шаршы метр үй салынып, пайдалануға берілді. Ресми мәліметтерге сенсек, бастапқы кездегі жоспарға сәйкес, 15,8 миллион шаршы метр құрылыс салынуы тиіс еді. Яғни, жоспар 13 пайызға артық орындалып, бұл бағдарлама діттеген мақсатқа сай орындалды деп саналды. Бұл кезде бір шаршы метрдің бағасын 56515 теңгеден асырмауға баса мән беріліп, тұтынушылар үшін алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық үстемақы 10 пайыз көлемінде есептелініп, ал ипотекалық несие 20 жылға берілді.

Ал 2008-2010 жылдар аралығындағы Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарлама аясында 19,3 миллион үй салынады деп жос­парланып, жалпы көлемі 19,7 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бірақ бұл кезеңде тұрғын үй нарығына әлемдік қаржы дағдарысының салқыны тиіп, оның салдарынан үлескерлер тиесілі баспанасын алуға зар болды. Сол кезде үлескерлер дауы қоғамның ауыр дертіне айналғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Ақыры, 13 мыңнан аса үлескерлердің мүддесін қорғау үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, аяқсыз қалған құрылыстарға жан бітті. 2009 жылы «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік арқылы қатысу мәселелеріне арналған ҚР кейбір заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заңның қабылдануы да үлескерлер құқығын қорғаудың бір амалы еді.

Бұдан соң 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» арқылы несиеге пәтер сату жүйесі іске қосылды. 2011 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 6,5 миллион шаршы метр пайдалануға берілді, бұл жоспардағы көрсеткіштен 8,3 пайызға артық.

Әйтсе де, мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуы құжаттық деректер мен сандық көрсеткіштермен шектелмесе керек. Он жыл бұрын қолға алынған тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік бағдарламалар әлі де әлеуметтік баспана тапшылығын жоя алған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтардың, әсіресе, жас отбасылардың басындағы баспанаға мұқтаждық мәселесі толыққанды шешім таппады. Сондықтан бұл салада әлі қыруар қаржы жұмсап, мемлекетшіл ұстанымды бекітіп, жан-жақты ойластырылған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру қажет болар.

«Қолжетімді баспана»  шынымен қолжетімді ме?

Елбасының былтырғы халыққа Жолдауында айтылған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын қайта қарауды ұсынған еді. Енді тұрғын үйді алушылар алғашқы жарна мен үстеме пайыз төлеуден құтылып, оларға сатылатын үйлердің бағасы белгіленген мөлшерден аспауы керек. Президент әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға пәтерлерді мемлекет есебінен алғашқы жарнасыз жалға беріп, жылдық өсімді 1-2 пайыздан асырмау керектігін айтқан еді. Осы жиында Елбасы 2015-2016 жылдары тұрғын үй құрылысына қосымша 180 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Содан бері тұрғын үй саласындағы мемлекеттік саясат қоғамда «Нұрлы жол» деп атала бастады. Шын мәнінде, әлеуметтік бас­пана салу мәселесі «Аймақтарды дамыту бағдарламасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешілетін болды.

Мемлекеттік қолдау есебінен 2012 жылы шілде айында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Аты қанша сан-саққа жүгіртілсе де, жете көңіл бөліп, бар артықшылығы мен талап-ерекшеліктерін саралай алған жанға бұл бағдарламаның ұсынар жолы көп. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы үш бірдей оператор-компания арқылы орындалады: «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі», «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» және «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қоры. Әрқайсының талап-шектеулері ерекше.

Дегенмен, ортақ ұқсастық – мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болғысы келген азаматтардың тізімі жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімшіліктерде жасақталады. Анығын айтқанда, Астана, Алматы және облыс орталықтарында аз дегенде екі жыл (кейде үш жыл делінеді) тұрақты тіркеуде тұрған және Қазақстан бойынша (кейде тұратын аумағында делінеді) жекеменшік жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар болуы керек. Осылайша, бағдарлама негізінен үй кезегінде тұрған азаматтарды қамтып, қоғамның әлеуметтік сұранысын шамалап болса да толтыруы тиіс.

Мемлекеттік қордан үй алуға Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлер мен ғарышкер болуға үміткерлер, мемлекеттің сайланбалы орган қызметкерлері және ҚР заңы аясында бас­панасы апатты жағдайда қалған азаматтар құқылы. Бұдан басқа көпбалалары отбасылар, оралмандар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер т.б. әлеуметтік топтар қарастырылған. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында арзан үйді үстеме пайызсыз сатып алуға (ұзақ мерзімге жалға алу арқылы немесе бірден сатып алуға) әуелі осы әлеуметтік топтар құқылы. Осылайша, бұл мемлекеттік бағдарламаны Қазақстан бойынша баспанаға мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек ретінде қарастыруға болады. Бірақ бұл бағдарламаға әрбір азамат бір-ақ рет қатыса алатынын есте ұстаған ләзім.

Ұзын сөздің қысқасы, «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатысу үшін жергілікті әкімшілікке барып, баспанаға мұқтаж адамдардың кезегіне тұру керек. Ал әкімшілік қазіргі кезде тұрғын үй кезегіне алудың талаптарын күшейткен: мысалы Астана қаласында кезекке тұру үшін құжат тапсыруға елордада аз дегенде үш жыл тұрақты тіркеуде тұрған азаматтар ғана құқылы. Екіншіден, бағдарлама аясында таратылатын үйлер 15 жылға дейін жалға беріледі немесе сатылады. Басқаша айтқанда, бұл бағдарлама аясында тегін үй жоқ. Мысалы, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және осы қалалардың маңайындағы үйлерден он бес жылға пәтерді жалға алу құны айына бір шаршы метріне 1600 теңгеден, ал басқа аймақтарда 1300 теңге шамасында делінеді. Бірақ үйдің аумағына, орналасқан аймағына, жобаны жүзеге асырушы оператор-компанияның талаптарына орай шаршы метрдің бағасы да, оны алудың талаптары да басқаша болуы мүмкін, әлбетте.

Өңірлік даму министрінің орынбасары болып тұрғанда Серік Нокин алдағы жылдары «Қолжетімді баспана-2020» бағдарлама аясында үй алудың кезегінде тұрғандардың қатары осы бағдарлама аясында салынатын үйлердің көлемінен 10 есе асуы мүмкін екенін айтқан еді. Ендеше, әлеуметтік баспана тапшылығын жою үшін әлі талай жобаны жүзеге асыруға тура келер.

 «Самұрық-Қазына» интернет арқылы үй сатады

 «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорынан үй беру тікелей саудалау және жалға алу арқылы сатып алу әдісімен жүргізіледі. Бұл бағдарламаға Қазақстанның кез келген азаматы қатысуға қақылы болса да, үйі жоқ, баспанасы жоқ азаматтар әуелгі кезекте назарға алынады.

Әлбетте, «Қолжетімді баспана» бағ­дарламасы аясында салынған үйлерді жалға алушылар тізімін жергілікті әкімшілік жасақтаса, одан қалған шаршы метрді қор өз шарты аясында сатуға құқылы. «Самұрық-Қазына» қоры – интернет арқылы баспана таратуды Қазақстанда алғаш қолға алған бірден-бір компания.

Жаңа талаптарға орай, бұл бағдарламаға Қазақстанның кез келген үйге мұқтаж азаматы қатыса алады. Тек жалға алған пәтерінің ақысын төлей алуға шамасы жетсе болғаны.

Осылайша, «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қоры өткен қыркүйек айында Қазақстан тарихында тұңғыш рет ғаламтор арқылы бас­пана тарату жүйесін қолданысқа енгізді. Бұл үшін азаматтар www.fnsk.kz сайтында тіркеліп, жеке электронды қолтаңбасын пайдаланып, жалға үй алуға өтініш беру керек. Құжат қабылдауға бір ай қалғанда компания сайтында хабарландыру жарияланып, ел-жұрт құлақтанады. Сайтта тіркеліп, өтініш бергендердің тізімі дереу жарияланғандықтан, кезекте тұрғандардың тізімімен танысуға әркімнің-ақ мүмкіндігі бар. Сайтта тіркелушілер тұрғын үй алуға өздері тіркеліп, одан соң тізімді ұдайы қадағалап, кезектің қалай жылжитынын өздері қадағалай алады. Виртуалды кезек арқылы Тараз бен Ақтөбеде, қазіргі кезде Алматыдағы шаршы метрлер жалға берілуде. Ғаламтор арқылы берілген өтініштер санына қарағанда, виртуалды кезек жарияланған алғашқы күндердің өзінде сайт арқылы тіркеліп, өтініш бергендердің қарасы ұсынылған пәтерлер санынан екі-үш есе асып түскен. Бірақ тапсырыс бергендердің уақыты минут, секундына дейін жазылып, кезек уақыт бойынша жасақталатындықтан, жүйенің ашық әрі әділдігіне дау айтатындар аз. Дегенмен Астана қаласында ғаламтор арқылы үйге өтініш берудің сәті әзірге түсе қоймас, қордан алынған бейресми ақпаратқа қарағанда, «Самұрық-Қазына» салған барлық үйлерді қазірдің өзінде қалалық әкімшілік кезекке тұрғандардан тізім құрап, түгел таратып беруге дайын отыр. Бұл дегеніңіз, астаналықтардың онлайн жүйеде өтініш беріп, үй алу байқауына қатысуға әзірше мүмкіндігі аз деген сөз.

Бұл үйлерді екі жолмен алуға болады: толық құнын төлеп, бірден сатып алуға және он бес жылға дейінгі мерзімге жалға алу мүмкіндігі бар. Бұл орайда компаниядан үй сатып алу үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкінен» ипотекалық несие рәсімдеуге болады. Мысалы, 40 шаршы метр шамасында бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны айына 64 000 теңге.

2013-2014 жылдар аралығында осы бағдарлама аясында Тұрғын үй қорынан Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларында және Алматы облысында 3152 пәтерлі төрт үй пайдалануға берілді. Оның 2770 пәтері жалға берілсе, 382 пәтері қолма-қол саудаланды. Оның 1240-ы былтыр берілген, 1179-ы жалға, ал 61-і сатылған.

Ал 2015-2016 жылдары Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтау қалалары мен Алматы облысында (Алматы қаласының маңы) жаңа үйлер пайдалануға берілмек. Биыл осы бағдарлама аясында 4210 пәтер өз иесін табады, оның 829-ы тікелей сауда-саттық арқылы, 3381-і – жалға берілмек. Жалпы, осы бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 10 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде, 2015-2018 жылдар аралығында мемлекеттің үлесі 20 пайыз.

Бірақ «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорынан берілетін үйлердің бағасы басқа оператор-компанияларға қарағанда қымбаттау көрінеді: бірден сатып алам десеңіз, мұндағы бір шаршы метрдің бағасы Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда 180 000 теңге, ал басқа өңірлерде – 144 000 теңгеден аспайды делінген. Ал 15 жылға жалға алу арқылы сатып алуға Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы 1600 теңгеден, ал басқа аймақтарда 1300 теңгеден. Шартты түрде алғанда, 35 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің бағасы 40-42 мың доллар шамасында, ал он бес жылдық жалға алу ақысымен 55 мың долларға жетуі мүмкін. Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай үйді алу үшін отбасының ортақ табысы 150 000 теңге болса, жеткілікті. Жалпы алғанда, осы бағдарлама аясында қор ел аумағында 63 миллион шаршы метр үй салып, 35 миллион шаршы метр баспананы жаңартуды жоспарлап отыр.

«Қазақстан Ипотекалық компаниясы» әлеуметтік баспанаға жауапты

«Қазақстан Ипотекалық компаниясы» өкілдерінің айтуынша, 2005-2007 жылдарында «Тұрғын үй дамыту бағдарламасы» аясында 17,9 миллион шаршы метр үй салынып, 19 мың отбасы баспаналы болған. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында компания Астана, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Семей, Қостанай, Тараз, Көкшетау, Орал қалаларында үй салады. 2014-2020 жылдар аралығында 3 миллион шаршы метр үйді жалға беру жоспарланған. «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» мемлекеттік бағдарламадан тыс өз есебінен де ипотекалық несие береді. Мемлекеттік бағдарлама шарттарына сай келмейтін тұрғындар компанияның өзі ұсынған ипотекалық несиелерді пайдалана алады.

«Қазақстан Ипотекалық компаниясы» салатын үйлер 35 пен 75 шаршы метр шамасында. 15 жылға дейін жалға беріледі. Бірақ жалға берілетін үйді 10 жылдан соң ғана толықтай сатып алуға болады. Оның үстіне, 6 айдың жалға алу ақысын бірден төлеу керек.

Компания Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларында жалға беретін үйлердің құрылысын аяқтап қалды. Компания арқылы беріліп жатқан үйлер туралы барлық ақпарат www.kmc.kz ресми сайтында жарияланған.

 Жас отбасылардың жас мөлшері әлі даулы

«Қолжетімді баспана-2020» бағдар­ламасы аясында жасы 35-ке толмаған жас отбасылар арнайы жеңілдікке ие болады деген сыбыс былтырдан бері айтылып жүр. «Байтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишимбаев былтыр желтоқсан айында: «Жалға берілетін үйлердің тең жартысы 35 жасқа толмаған жас отбасыларға беріледі», – деп мәлімдеген болатын. Бірақ қазір белгілі болғанындай, Қазақстан заңнамасындағы жас отбасы категориясының жас мөлшері өзгеріссіз қалып отыр, яғни 29-бен шектеледі.

Әзірге белгілі болғанындай, жергілікті әкімшіліктерде үй кезегінде тұрған жас отбасылар үшін 35 жас соңғы меже ретінде қарастырылып отыр. Яғни, жасы 35-ке толмаған ерлі-зайыптылар немесе жалғызбасты аналар кезек бойынша үй алу кезінде «жас отбасы» категориясы бойынша жеңілдік алуға құқылы.

«Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» жас отбасыларға айрықша көңіл бөледі. Мұнда «Жас отбасыларға арналған баспана» және «Барша тұрғындарға арналған баспана» атты екі бағытта үй беріледі. Баспанаға мұқтаж азаматтар банктен кемінде үш жыл депозитті есепшотта қаражат жинап, төмен пайызбен жекеміншік пәтерді жалға алу арқылы иелік етеді. Бірақ жас отбасылар үшін белгілі бір шектеулер де баршылық: ерлі-зайыптылардың жасы 29-дан аспауы тиіс, некеге тұрғандарына және Астана қаласында тұрақты тіркеуде кемінде екі жыл толған болуы тиіс. Осындай талап-кедергілерден өтіп, үш бөлмелі пәтерді иеленген жас отбасы сегіз жыл қатарынан ай сайын 58 000 теңге төлеуі тиіс болады.

Жалпы алғанда, «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» арқылы жалға берілетін үйлердің бағасы арзандау және оған қол жеткізу тәртібі өзгешелеу: жалға алу мерзімі – 20 жыл, 7 жылға дейін үйді жеке меншікке алуға рұқсат жоқ және алғашқы кезде алты айдың жалға алу ақысын бірден төлеу керек.

«Қолжетімді баспана-2020» бағ­дарламасы аясында «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» бүгінге дейін 500-ге тарта келісімшарт жасап үлгерген. Банк депозиттерінде 209 миллиардтан аса қа­ражат жинақталған.