«Қымыз ұсынса колаға, қазы берсе фастфудқа жүгіреді»: Бекболат Тілеухан оқырмандарына үндеу жасады

Бекболат Тілеухан отандық фильм туралы пікір білдірді.

«Қымыз ұсынса колаға, қазы берсе фастфудқа жүгіреді»: Бекболат Тілеухан оқырмандарына үндеу жасады

Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан режиссер Жандос Құсайынов пен әнші әрі продюсер Бағлан Әбдірайымов түсірген "Qaryz" фильмі жайлы пікір білдірді, деп жазды turkystan.kz.

"Стиль іздеген, айтпағын айшықтаған, суреті саналуан, “жан жалмап, жүрек жұлған” туындыны бекзат өнер деп жатамыз. (Элиталық әдебиет деген сияқты ғой) Әдетте кәсіби деңгейі жоғарылардың еншісі - ондай дүние. Ал, жадағай штамп, жұпыны калька, “ширпотреб” зат, таптаурын дүниені “тобырлық мәдениет” деген сияқты тапқа бөлген тәкәппар лебізбен кейде келісуге мәжбүрсіз. Айтпағым, елде күшті кино жүріп жатыр. Қоғамның қасіретін тамыршыдай тап басқан тамаша фильм. Жаңаша кино. Жанайғайын жар салған, жүрекжарды туынды. Көргеннің бәрі риза. Жүректерге жетіпті. Жүректен шыққан-ау тәрізі деп түйдім. Жандос Құсайынов пен Бағлан Әбдірайымов түсіріпті. Бағланның басынан өткенін Жандос жасапты деп жатыр білетіндер. Ілияс айтпақшы, қазақтың қоспасы жоқ қолтума құлындары. Сөзұстар кинотанырдың бәрі тәнті. Замана өзі сұрыптап жатқандай. “Киноның да естісі бар, есері бар” Ұдайы күлкі қуған, арзанқол дүниенің арасынан санаға салмақ, ойға жүк осындай дүниенің кино нарығында өз бетімен (мемлекеттің бір тиын көмегінсіз) бой көрсетуінің өзі - ерлік. Сүйенгендері есті көрермен. Яғни СІЗ! Келіңіз! Келіп көруіңізбен жақсылықтың жаршылығына үлескер боласыз! Тәлімді дүниенің насихатының өзі - үлкен ізгілік, берекелі шара! Ұлт қамы, ұрпақ қамы дегеннің өзі осындай қадамдармен іске аспай ма, ағайын! Қымыз ұсынса, колаға, қазы берсе фастфудқа бұрылмай кинозалдың төріне келіңіздерші, бауырлар!", - деп жазды Б. Тілеухан.