Қарағанды колониясында казино ашқан тұтқын жаза үстіне жаза арқалады

Қарағанды колониясында казино ашқан тұтқын жаза үстіне жаза арқалады

Қарағанды колониясында казино ашқан тұтқын жаза үстіне жаза арқалады
ашық дереккөзі
450
Қарағанды колониясының тұтқыны жаза өтеу орнында казино ашқан. Сотталушылар онда карта, нарды және өзге де құмар ойындарын ойнаған. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.  Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқасы колонияда заңсыз ойынхана ашқан сотталушының жазаны жеңілдету туралы өтінішін қабылдамады және 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Құмар ойынын ойнаушылар арасында қолма-қол айналым болмаған. Ұтылғандардың туыстары мен достары жеңімпаздардың картасына ақша аударып отырған. Құмар ойын ойнаушылар тобы қыркүйектен сәуір айына дейін 8 ай жұмыс істеген. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қарағанды облысы Қаражал қаласы АК 159/22 колониясының сотталушысы түзеу мекемесі ішінде ойын бизнесін құрды деп айыпталған. Судья Әлия Жошева сотталушыны айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтеуші рақымшылық ету жөнінде өтініш берді.  «Апелляциялық алқа 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны заңды әрі негізді деп есептейді», - деді Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Гүлбаршын Жітікова. АК 159/22 түзеу мекемесінің басшылығы салғырттығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта бұл колония таратылды. Сотталушылар өзге түзеу мекемелеріне ауыстырылды. Онда жұмыс істеген лауазымды тұлғалар өзге мекемелерге ауыстырылды, ал кейбірі кадрлық резервке енгізілді.  

Серіктес жаңалықтары