«AMANAT»: Музыка индустриясының мәселелері талқыланды
Алдағы уақытта креативті индустрия саласына 4,5 млрд тг көлемінде қаражат бөлінбек
«AMANAT» партиясының орталық апаратында Партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысының кезекті жиыны өтті. Аталған кездесуде еліміздегі креативті индустрия, әсіресе, музыка индустриясындағы өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыға салынды.
Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы музыка индустриясына қатысты біршама сыни пікірді ортаға салып, қазақстандық әншілердің фонограммамен ән айтуына қатаң тыйым салынатынын айтып жеткізді. Аталған мәселе бойынша бүгінде Мәжіліс қабырғасында арнайы заң әзірленіп жатса керек.
«Қазір креативті индустрия саласы бойынша мамандар елімізде негізгі деген 43 бағытты айқындады. Әр саланың өзіндік маңызы ерекше. Мұның ішінде ұлттық құндылықтарға да баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай біздің осы креативті индустрия саласындағы талантты жастарды таныту мен әлемдік деңгейге көтеру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Нәтижелері де жаман емес. Дегенмен де әлі де болса нақтылап, жөнге келтіретін тұстар жеткілікті. Түрлі ұсыныстар да келіп жатыр, оның бәрімен танысып талқылаудамыз», – деді Нартай Аралбайұлы.
Кездесу барысында отандық креативті индустрия саласына 4,5 млрд тг көлемінде қаражат бөлінетіні белгілі болды. Ол қаражаттың 15%-ы республикалық бюжеттен бөлінсе, ал қалған бөлігі «Сәтті жұлдыз» лотореясынан алынбақ.
Алдағы уақытта облыс орталықтарында арнайы орталықтар ашылып, онда креативті индустрияны қолдау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек.
«Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, елімізде индустрия саласы бойынша тіркелген субъектілер саны 470-тен аспаған. Оның 200-ден астамы Алматы қаласында тіркелсе, қалғандары Астана, Шымкент қалаларында тіркелген. Саланы заңды түрде табыс көзі етіп отырғандардың мұншалықты аз болуы ойлантадын дүние екені рас. Осыған қарамастан құзырлы орган ретінде біз түрлі байқаулар мен өнер сайыстарын өткізіп келеміз. Оның ішінде елге белгілі телевизиялық бағдарламалар да бар. Ал біздің зерттеуіміз бойынша бүгінде елімізде сала бойынша авторлық құқық мәселесі ең өткір болып тұр. Мұны реттейтін уақыт жетті», – дейді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.