Қырғыз елінің үкімет басшысы шенеуніктерге тойға баруға тыйым салды

Премьер-министр ел президентінің бұған дейін мал союға және тойлардағы ысырапшылдыққа тыйым салу туралы қаулысына жеке тоқталды.

Қырғыз елінің үкімет басшысы шенеуніктерге тойға баруға тыйым салды
pixabay
771

Президент Әкімшілігінің алқа отырысында Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров үкімет мүшелеріне тойға қатысуға тыйым салды. Бұл туралы 24.kg басылымы жазды.

Қырғыз Республикасының премьер-министрінің айтуынша, Садыр Жапаровтың барлық жарлығы мен тапсырмасы сапалы әрі уақытылы орындалуға тиіс.

 Сондай-ақ ол ел президентінің бұған дейін мал союға және тойлардағы ысырапшылдыққа тыйым салу туралы қаулысына жеке тоқталды.

«Егер бір жерде ысырапшылдыққа жол беріліп жатқанын көрсеңіздер, ол жерге бармаңыздар. Тойда жүрмеңіздер», - деді Ақылбек Жапаров.

Басылымның ақпаратынша, 2022 жылдың ақпанында Қырғызстан президенті іс-шаралар өткізу бойынша шектеулер енгізу туралы жарлыққа қол қойып, заң күшіне енген болатын. Бұл заңның мақсаты – азаматтардың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру деңгейін көтеру, сонымен қатар қоғамның рухани атмосферасына теріс әсер ететін діни рәсімдерді және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу.

Серіктес жаңалықтары