231
Балабақшада 2 жасар қыз жылу батареясына күйіп қалды
Балабақшада 2 жасар қыз жылу батареясына күйіп қалды
Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы балабақшада екі жасар бала түскі ұйқы кезінде кереуетінен аунап кетіп, жылыту батареясына күйіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Бөгетсай ауылында тұратын Нұрай Өтеген қазір облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр. Оқиға 3 наурыз күні болған. Сол күні баланың әкесі Ердібек Оспановты балабақшадағы тәрбиеші шақырып алып, қызының аяғы күйіп қалғанын айтқан. Бірақ алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген.
«Медбикені сұраған едім, оны мүлде шақырмағандарын айтты. Баланың жарасын таңбай алып жүру мүмкін болмаған соң медициналық бекетке барған едік. Ол жерде дәрі-дәрмек табылмады. Қызым бірнеше күн ұйықтамады, тамақ ішпеді. Содан кейін Хромтау аудандық ауруханасына алып бардым. Ол жерде күйікті емдейтін маман жоқтығы айтылып, қызым облыстық ауруханаға жеткізілді»,- деді Ердібек Оспанов. Қазір 2 жастағы Нұрай Өтегеннің әкесі аудандық ішкі істер департаментіне арыз түсірді. Оның айтуынша, баланы бақыламаған тәрбиеші әлі жұмыс орнында жүр, тергеу мардымсыз жүріп жатыр.
«Моральдық-материалдық шығынның сомасын жазбадым, оны сот шешеді. Маған аудандық білім бөлімінің мамандары келіп, тәрбиешіні кешіруді сұраған іс-әрекеттері батып отыр. Жұмыс уақытында кереуеттен құлап, 15 минут жылап, жаны ауырған балама қарамаған тәрбиеші қызметінен кетуі тиіс»,- дейді Е.Оспанов. Айта кетейік, істі облыстық білім басқармасы да бақылауда ұстап отыр. «Оқиға Бөгетсай ауылындағы «Балдәурен» балабақшасында болды. Кішкентай қыз түскі уақытта кереуеттен құлап кетіп, батареяға құлаған. Сол жерде аяғы күйіп қалды. Күйік 2-ші деңгейлі. Жағдайы жақсы, облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр»,- деді аймақтық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова.