Теннисші Юлия Путинцева Мадридтегі турнирдің екінші айналымына өтті

Юлия Путинцева Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.

Теннисші Юлия Путинцева Мадридтегі турнирдің екінші айналымына өтті
Сурет: ҚТФ

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 37-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен сәтті өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Бірінші партияда Юлия екі брейкпен қарсыласының адымын аштырмады. Есеп – 6:2.

Есесіне екінші сетте қытайлық теннисші 3:0 есебімен озып кетті. Бірақ Путинцева дер кезінде күш жинап алды. Есеп – 6:4.

Бір сағат 27 минутқа созылған бәсеке барысында ол 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Юань Юэ 1 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.

Путинцеваның екінші айналымдағы қарсыласы бұдан да азулы болмақ. Ол әлемнің 8 ракеткасы, тағы бір қытайлық Чжэн Циньвэньмен сынға түседі.

Жарысты екінші айналымнан бастайтын Елена Рыбакина италиялық, әлемнің 46-ракеткасы Лючия Бронцетти немесе рейтингіде 91-орындағы франциялық Варвара Грачеваның біреуімен кездеседі.