Бишімбаев ісі: Байжанов көріпкелдің айтқанын жоққа шығарды

«Оның миы шаршады. Ұйқысын қандырсын. Сосын оянған соң, үйге барасыңдар» деп айтты

Бишімбаев ісі: Байжанов көріпкелдің айтқанын жоққа шығарды
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
1001

Астана сотында экс министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні хабарласқан көріпкел Гүлнар Ережепова онлайн форматта жауап беріп жатыр.

Гүлнар Ережепова бұған дейін сотта Бишімбаев Нүкенова екеуі қатты төбелескенін естіген бойда бірден дәрігерге хабарласу керек екенін айттым деген болатын.

«Қатты төбелестік дегенді естіген соң, «Дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр» деп айттым. Мен мұны бірден айттым. «Дәрігерге апар» дедім. Қазір жеке дәрігерлер көп қой. Ол «Қазір ұйықтап жатыр, демалуда. Қарап беріңізші» деп өтінді», – деді.

Бишімбаевпен қатар істі болып жатқан оның туысы Бақытжан Байжанов көріпкелдің бұл айтқанын жоққа шығарды.

«Көріпкел өтірік айтады. Ол «Дәрігерге апар, жедел жәрдем шақыр» деп айтқан жоқ. Себебі мен Бишімбаевтың қасында тұрып, бәрін естідім. Ол үнемі «Оның миы шаршады. Ұйқысын қандырсын. Сосын оянған соң, үйге барасыңдар» деп айтты. Мен оның «Дәрігер шақыр» дегенін естігенім жоқ. Сосын кешке Бишімбаев оған тағы да хабарласты. Ол кезде де оның «Дәрігер шақыр» деп айтқанын естіимедім», – дейді Бақытжан Байжанов.

Серіктес жаңалықтары