ОҚО-да 8 наурызда 205 сәби дүниеге келді

ОҚО-да 8 наурызда 205 сәби дүниеге келді

ОҚО-да 8 наурызда 205 сәби дүниеге келді
ашық дереккөзі

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні Оңтүстік Қазақстан облысында 205 сәби дүниеге келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.

Басқарма басшысы №4 облыстық перинаталды орталығына барып, мейрамда өмірге ұрпақ әкелген аналарды құттықтады. Олардың әрбіріне гүл сыйлап, нәрестелерге қажетті бұйымдар тарту етті.

– Облыста мереке күні 205 сәби туылды. Оның 15-і осы №4 облыстық перинаталды орталығында өмірге келді. 15-тің 9-ы ұл, 6-уы қыз. Сол нәрестелі болған аналарымызды мерекесімен құттықтап, әрбіріне сый-сияпатымызды тапсырдық. Сәбилері үлкен азамат болсын деп тілеулестік танытып жатырмыз. Елбасымыздың демографиялық саясатын қолдап, ана мен балаға тиісті талаптарға сай жағдайдың барлығын жасаймыз. Биыл облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтитын боламыз. Сол мақсатта биыл Сарыағаш және Шымкент қалаларында бір-бір перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, медицинасы дамыған елдермен меморандумдар түзіп, мамандарымызды жіберіп тәжірибе алмастырып, дәрігерлеріміздің біліктіліктерін арттырып жатырмыз, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.

Меруерт Наурызова 7 наурыздан 8-іне қараған түні, сағат 00:05-те алғашқылардың бірі болып босанды. Бұл оның бауырына басқан бесінші перзенті. Салмағы –3240, бойы – 55 сантиметер. Ал, тұңғышын өмірге әкелген Жансая Мырзабаеваның ұлының салмағы 4 келіге жуықтайды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 205 сәбидің де жағдайы жақсы. Олардың арасында екі егіз бар. Жалпы, 8 наурызда өмірге ұрпақ әкелген аналардың облыстың ғана емес, еліміздің демографиясына қомақты үлес қосқаны ақиқат. Олардың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің қатарын арттырғандар да бар. 

Естеріңізге сала кетейік, көп балалы аналардың саны жылдан жылға артып келеді. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында демографияға үлес қосып жүрген аналардың саны 169198 болған. Оның 6193-і Батыр ана болса, 25482-і «Алтын-алқа», 34744-і «Күміс-Алқа» иегері. 8878-і І-ІІ дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған. 93901-і 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар аналардың қатарын толықтырған. Ал, былтыр облыста 479 ана көп балалы «Алтын алқа»,  2071 ана «Күміс алқа» тақты.

2016 жылы өңірде 79195 нәресте туылған. Дүние есігін ашқан сәбилердің ішінде 765-і егіз болса, 5-уі үшем.