Нүкенованың өлімі: Бишімбаев судьяға телефонының құпиясөзін айтудан бас тартты

Қуандық Бишімбаев құпиясөзді тек өз адвокаттарына айтатынын мәлімдеді.

Нүкенованың өлімі: Бишімбаев судьяға телефонының құпиясөзін айтудан бас тартты
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушы Бишімбаев дәлел ретінде тексеру үшін ұялы телефонының құпиясөзін айтудан бас тартты.

Бұған дейінгі сот отырыстарында марқұм Салтанат Нүкенованың, екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың және куәгерлердің телефондары тексеріліп, хаттары оқылды. Ал Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттары Нүкенованың телефонында кейбір деректер өшірілген болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Алайда Бишімбаев тергеуге де, енді сотқа да құпиясөзді айтудан бас тартты.

«Мен құпиясөзді тек өз адвокаттарыма айтамын. Олар сізге қажет материалдарды көрсетеді. Мен жеке дерегімді көрсетпеймін», – деді айыпталушы.

Судья құпиясөзді қағазға жазып беруін талап етті. Алайда Бишімбаев өз сөзінде қалды. Онда судья іс әрі қарай жалғаса беретінін мәлімдеді.