Данияның 400 жылдық тарихы бар мәдени мұрасы өртеніп кетті

Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, адамдар ондағы кейбір тарихи картиналарды сақтап қалуға тырысты.

Данияның 400 жылдық тарихы бар мәдени мұрасы өртеніп кетті
сурет: BBC

Дания астанасы Копенгагенде XVII ғасырда салынған қор биржасының ғимараты өртенді, деп хабарлайды BBC.

Борсен қаладағы ең көне ғимараттың бірі саналады. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, адамдар ондағы кейбір тарихи картиналарды сақтап қалуға тырысты.

Елдің Мәдениет министрі Якоб Бенгель-Шмидт Данияның 400 жылдық мәдени мұрасы өртеніп кеткенін айтты. 1625 жылы салынған ғимарат Дания парламентінен қарыс қадам жерде орналасқан. Даниялық БАҚ жақын маңдағы алаң эвакуацияланып жатқанын хабарлады. Ескі қор биржасы күрделі жөндеуден өткен, қорғаныш пластикалық жабындармен жабылған. Қазіргі онда Данияның сауда палатасы орналасқан.

Жергілікті қолөнерші Генрик Грейдж бұл қайғылы күн екенін айтып жергілікті телеарнаның біріне сұхбат берді.

"Бұл Париж соборы сияқты болды", - деді ол мұны шамамен бес жыл бұрын Парижде болған өртпен салыстырып.

Копенгагендегі өрттің неден шыққаны қазір белгісіз. Ғимараттың көп бөлігі өрттен қатты зақымданған.