Президент Армения Парламентінің Төрағасымен кездесті

Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Армения аймақтары арасындағы байланыстарды нығайту перспективалары қарастырылды.

Президент Армения Парламентінің Төрағасымен кездесті
akorda.kz
588

Қазақстан Президенті Еревандағы Парламент ғимаратында Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Армения мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және екі елді ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізілген келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуына парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне айрықша мән беру қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде Мемлекет басшысы елімізде өзінің бастамасымен ауқымды саяси жаңғыру үдерісі жүргізіліп жатқанын, онда парламентаризмді дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты.

Қазақстан Президенті заң шығару органдары деңгейіндегі белсенді ықпалдастыққа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің осынау маңызды бағыттағы қатынастарын дамытуды тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Ұлттық жиналыс Төрағасына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Ален Симонян Армения мен Қазақстан арасындағы көпжақты және екіжақты форматтағы өзара ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің парламентаралық платформалардағы ықпалдастығының маңызына ерекше назар аударды.

Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Армения аймақтары арасындағы байланыстарды нығайту перспективалары қарастырылды.

 

 

Серіктес жаңалықтары