Бейнеуде эвакуацияланған Құлсары тұрғыны дүниеге егіз алып келді
Қазір ана мен жаңа туған нәрестелердің жағдайы жақсы.
Егіздердің екеуі де ұл бала, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір ана мен жаңа туған нәрестелердің жағдайы жақсы. Олар қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілген.
"5 сәуір күні таңда Құлсарыдан эвакуацияланып, Бейнеу аудандық перзентханасына келіп түстік. Шұғыл дәрігерлік көмектің арқасында салмағы 3 келі екі ұл баланы дүниеге әкелдім. Қазір жағдайымыз жақсы. Жергілікті жұртшылық керек-жарақтырымызды әкеліп, мезгілімен тамақтандырып отыр. Барша қол ұшын созған ағайынға алғыс білдіремін", - деді Жылыой ауданы, Құлсары қаласының тұрғыны Оралгүл Сариева.
Өткен тәулікте Атырау облысы Құлсары қаласынан Бейнеу аудандық перзентханасына 19 әйел толық мерзімде эвакуацияланды.
"Екі әйел Ақтау қаласындағы перинаталдық орталығына жіберілді. Қазір бізде гинекология бөлімінде 3, патология бөлімінде 3 жүкті әйел жатыр. Құлсары қаласынан жеткізілген босанған әйелдердің жалпы саны - 11. Оның ішінде аудандық перзентханада 6 әйел босанды. Қазіргі уақытта босанған әйел мен бала Бейнеу аудандық ауруханасында, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Жылыой ауданынан келіп босанған 2 әйел бүгін перзентханадан шығарылады", – деді Бейнеу көпбейінді аудандық ауруханасы директорының орынбасары Эльмира Баяхметова.
Айта кетейік, перзентханадан ауданның жергілікті тұрғындары мен кәсіпкерлері керемет көңіл-күй сыйлап, жас ананы шығарып алды.
Ал Құрықтағы эвакуациялық пунктте бесікке салу рәсімі өтті. Жылыой ауданының тұрғыны Асылай Мухамедияр тұңғышын босанған бойда шұғыл эвакуация басталып, шақалағымен бірге асығыс жолға шыққан. Ол Құрықтағы кәсіптік колледжге орналасқан болатын. Колледж ұжымы нәрестені барлық жоралғымен бесікке салды. Ауыл ұстазы Айсәуле Тұрғанбаева барлық рәсімін жасады.
Еңсесі түскен елдің бір сәт жүзіне күлкі ұялатқан бесікке бөлеу рәсімінен кейін ана мен нәресте қауіпсіздік мақсатта аудандық перзентханаға орналастырылды. Ана мен сәбидің денсаулығы жақсы, дәрігерлердің бақылауында.