Қазақстанда қанша үй су астында қалғаны белгілі болды
1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды
Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елімізде 1405 үй су астында қалғанын мәлімдеді.
Айтуынша, алдын алу шаралары 11 өңірде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді.
"Бес өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскесі мен төрт көпірді (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. Көлік қатынасынсыз 50 елді мекен қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік", - деді Сыздықов үкімет отырысында.
Айтуынша, қазір су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда. Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр.
"Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады", - деді вице-министр.