ЖЫРДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ЖЫРДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

ЖЫРДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
ашық дереккөзі
Сан ғасырлық тарихы бар қазақ жырының тереңдеп дамуына дарын қуатын жұмсап, ұлт әдебиетінде аты алтын әріппен жазылған талантты ақынның бірі – Төлеген Айбергенов. Ол – француздың Франсуа Вийоны, орыстың Михайл Лермонтовы, грузиннің Николаз Бараташвилиі секілді өмірден жастай кеткенімен де, артында ғасырлар өтсе мәнін жоймайтын шығармалар қалдырған жырдың жарық жұлдызы болып қалды. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ әдебиетінің ренессансы деп аталатын кезеңде поэзия алаңына алабөтен екпінмен атойлай енген оның өлеңдегі жолы – бойына ұлттық поэзиямыздың барлық қасиеттерін сіңірген қалпымен жұрттың жанына жақын болды десек те, өнер заңдылығы, көркемдік тұрғысынан қарағанда ешкімге ұқсамайтын бөлекше ақын екені айқын аңғарылып тұратын. Әдебиеттану мен әдеби сында оның жырларындағы екпінді жыраулар поэзиясына ұқсатып, саздылығын халық дастандарына меңзеп тұратын пікірлердің болуы да содан болса керек. Дегенмен ол нағыз синтездің ақыны ретінде, өзі айтқандай «миының мың градустық домнасында» қорытып, бар нәрседен жаңа бір өнер туындысын жасап шығаратын құдіретті дарын еді. Бірақ бұл оның бір қыры ғана болатын. Әдебиетке ол әкелген жаңалықтар мол: өлеңді пішіндік жағынан дамыту, сол арқылы мелодикасына өзгеріс енгізу, ұйқас, интонация, аллитерациялық құбылтулар, бұрын сирек қолданылып келген немесе аймақтық говорларды сәтті пайдалану секілді түрлендірулер оның шығармашылығын сан салалы етті. Төлеген Айбергенов 1937 жылдың 8 наурызында Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы аймағында дүниеге келген. Туған жерінде орта мектепті бітірген соң Ташкенттегі Низами атындағы  педагогикалық институтының филология  және тарих факультетіне түсіп, оны 1959 жылы тәмамдайды. Одан екі жылдай туған жерінде мұғалімдік қызметте болғасын атажұртына оралып, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласына қоныстанады. Сонда жүргенде «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965) атты екі жыр жинағы жарық көреді. 1965 жылы Алматы қаласына көшіп келеді. Осында әдебиетті насихаттау бюросында қызмет етіп жүргенде туған жері Қарақалпақстан ақын-жазушыларды бастап барып, сол сапарында науқастанып, 1967 жылдың 29 тамызында 30 жасында дүниеден өтті. Сүйегі Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласының іргесіндегі Сорша зиратына қойылған. Бар-жоғы 6-7 жыл ғана шығармашылықпен айналысқан Төлеген Айбергеновтің артында бір томдай ғана өлеңдер қалса да, ол қысқа уақыттың ішінде халықтың сүйікті ақындарының біріне айналды. Көзі тірісінде өзі баспаға дайындап кеткен соңғы жыр жинағы ақын қайтыс болғаннан кейін (1968) «Құмдағы мұнаралар» деген атпен жарық көріп, сол кітабы үшін Төлегенге  1974 жылы Қазақ-стан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Мықты ақын не көрнекті жазушы болу үшін айтарлықтай өмірбаян болуы керек деп жатады. Шартты нәрсе сияқты. Әйтпесе, жоғарыда біз айтып өткен ақын өмірбаяны соншалықты қызықты да ұзақ емес қой. Ендеше Айбергеновтің ақындық бастауы қайда? Ол қысқа уақыттың ішінде туған халқының мол әдеби, рухани құндылықтарын қалай игеріп үлгерген? Үлгеріп қана қоймай, сол арқылы қалайша әдебиет әлеміне еніп, қалайша үлкен ақын боп қалыптасқан? Біздіңше, бұл құбылыстың бірнеше себебі бар. Әлемге белгілі талай ақын-жазушының балалық шағы қиындықпен өткені жайында оқып жүрміз. Бұл да адамның арманшыл, қиялшыл тұлғаға айналуына әсер ететін болса керек. Төлеген де әкеден ерте айырылып, қамкөңіл өскен ұлдың бірі. Ондай мұңды тағдыр кешкен жанның көкірегі шерге толы болатыны айтпаса да түсінікті. Сол секілді, балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы ауыр кезеңге тұспа-тұс келген Төлеген жастай еңбекке араласып, үлкендермен бірге егін егіп, шөп шауып өскен. Сонда ол түскі демалыс кезінде ауылдасы Жақсылық Мауытов атты жыраудың жыр-дастандарын талай тыңдаған екен. Бұл болашақ ақынның халық әдебиетінің мөлдірінен жастай сусындап өскенін көрсетсе керек. Әділін айтсақ, тәуелсіздікке дейін біздің ұлтты тәрбиелеген бірден-бір құрал әдебиет болды. Жастайынан оқуға зерек, ана тіліндегі әдеби-көркем шығармаларға сусынын қандырып өскен оның көкірегінде атажұртқа деген ұлы сағыныш көктеп өсіп шыққаны анық. Тарихи отанынан шетте өскен саналы жанның бәріне түсінікті бұл жайт – Төлеген Айбергенов алғаш қолына қалам ұстап, ақ қағазға жыр жолдарын өрнектей бастағанда-ақ оның көкірегінен бөлекше арна ашып, ақындығының ерекше сипат алуына әкелген. Демек, оның «Сағыныш», «Аруана – бауыр – дүние», «Жанардың отты жарқылындасың» деген атақты өлеңдеріндегі Отанға деген оттай ыстық сағыныш, жанына жақын жандарға деген шексіз іңкәрліктің түп-тамыры ақын кешкен тағдырда жатыр. Өзі тірлік кешкен дәуірдің сырын терең түйсініп, оның шынайы болмысын өз шығармашылығында сәулелендіру арқылы поэзияға жаңаша екпін әкелу, адамдарға өзі өмір сүрген кезеңнің ұлылығын ұқтыру арқылы болашаққа деген үлкен үміт, мол қуаныш сыйлай білу ұлы дарындардың ғана қолынан келетін шығар. Бұл орайда Т.Айбергеновтің «Маңғыстау саздары» атты поэзиялық циклы біздің әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған жарқын құбылыс. Онда бәрі бар: дәуір тынысы да, адамдар да, табиғат өзгерістері де, тіпті, тарих та. Махаббат лирикасы дегенде ғашығына деген жан сырын жырмен жайып салатын ақындар есімізге түсері даусыз. Ол да керек әрине, адам өміріндегі осы бір ұлы сезімді гүлдің қауызына орап әлдилеп, оның жан ауыртар өкініштерін мөлдір шықтай тазалықпен жырлау арқылы жүрекке жеткізетін Айбергенов шеберлігі мүлде бөлек дүние: ол махаббатты жырлай отырып, тағдырды жырлайды; ол айырылысудың, қоштасудың ауырлығын сезіндіре отырып, тәтті мұңның ләззатын сезіндіреді; ол алыстап кеткен жылдарды суреттей отырып, уыз сезімнен нәр алған пәк шағыңа табыстырады. Ақынның бұл қасиеті «Қызғалдақ-дәурен», «Сыр», «Мен сені көргем» секілді лирикаларынан айқын байқалады. Өмірінің соңғы жылдарында шығармашылығын кемелдендіре түскен ақын «Ағыстар мен ғасырлар» циклын, «Космонавт монологы» поэмасын жариялап, жаңа бағытқа қарай тереңдей бастаған-ды. Бірақ мезгілсіз келген өлім қазақ әдебиетін байыта түсетін шығармалар легінің жазылуына тосқауыл болды. Және бір факт: ақынның жары Үрниса апай мен іні-досы Мұхтар Шахановтың куәлік етуінше, өзінің бүкіл шығармаларын жатқа білетін Төлеген Айбергенов жаңа бір поэмасын оқып жүреді екен, өкінішке қарай қағазға түспей жоғалып кеткен... Ендігі бір мәселе Төлеген Айбергенов шығармашылығы туралы. Жалпы ақын туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ, бірақ көбіне бетінен қалқып, ақын жайында бұрыннан таныс жайларды тізбелей беру жағы басымдау. Дей тұрғанмен Т.Айбергенов өлеңдері туралы Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов секілді ірі теоретик ғалымдар өздерінің іргелі зерттеу еңбектерінде айтып өтсе, Бақыт Кәрібаева, Төлеген Тоқбергенов, Қалдыбек Сейданов, Қайыржан Аралбаев, Тұрсынжан Шапай секілді ғалым, сыншылар өз зерттеулерінде талдау жасап, Тәкен Әлімқұлов, Әбділда Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Әзиза Нұрмаханова, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов, Саттар Сейтқазин, Дүйсенбек Қанатбаев, Жарасқан Әбдірашев, Сейфолла Оспанов, Зәкір Асабаев т.б. ақын-жазушылар естелік, мақалалар жазған. Ал «Төлеген Айбергеновтің ақындық мұрасы» атты зерттеу еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғаған Рахмет Аяпбергенұлының еңбегі әзірге ақын шығармашылығын арнайы талдаған жалғыз еңбек болып тұр... Ақын атын есте қалдыру шаралары туралы айтып өтсек, оның атына берілген мектептер мен көшелерді айтпағанда, 1987 жылдан бастап көрнекті қазақ ақыны Мұхтар Шаханов басқаратын республикалық «Жалын» журналының ұйымдастыруымен жылдың үздік ақынына Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық беріліп келеді. 2007 жылы «Түркі әлемі» студиясы Төлеген Айбергеновтің 70 жылдығына орай «Айбергенов әлемі» атты хронометражы 60 минуттық фильм шығарып, 2012 жылы «Айбергенов әлемі» журналы жарық көре бастаған-ды. Бірақ қаржылық жағдайына байланысты журналдың шығуы тоқтап қалды. Сол секілді өткен жылдың 22 ақпанында «Атажұртын аңсаған Төлеген Айбергенов» деген атпен Ақтау қаласында және қазанның 14-інде Шымкент қаласында «Төлеген Айбергенов аңсаған әлем» деген атпен өткен екі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мұның бәрі халқымыздың сүйікті ақынына деген үлкен құрметінің белгісі болса керек. «Шақтарда да азынап оқ бораған, бұл дарияның шабысы тоқтамаған; мен өтемін жолдардан әлі талай, жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан», – деп бір кезде өзі айтқандай, өр екпін, асқақ арманымен жырдың жарық жұлдызына айналған Төлеген Айбергенов қазақ халқымен бірген жасай берері анық. Төлеген АЙБЕРГЕНОВ АПАЛАРЫМ   Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік, Төртеуіміз бір әкенің баласы едік. Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын, Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.   Есейткен жетті күндер сыр ақтарып, Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып. Таралып шартарапқа жолдар шықты Сендердің бұрымдарың сияқтанып.   Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып, Қатыгез қимастықты қыз аты қып. Сан түндер сағынышым көз ілдірмей, Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.   Деді әкем: қиын болды-ау, қарағым-ай, Жан көкем, жадыратшы                                 қабағыңды-ай. Мен үйде жалғыз қалдым,                         мергендердің Қосына тастап кеткен қарауылдай.   Кеттіңдер «Жат жұрттық»                          боп жаратылып, Жанары басқа ауылға қаратылып. Мен болсам, еш дария құймайтұғын, Көлшік боп қалдым шетте дара тұнып.   Есейткен жетті күндер сыр ақтарып, Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып. Әкенің қасиетті шаңырағы, Тікейіп кетті талай құлап барып...   Туғасын талмай ұшу қанатқа сын, Білем мен ол күндердің сан аптасын. Көнбеуге жалғыздыққа амалың жоқ, О бастан жалғыз қылып жаратқасын.   Жігерін жетті жылдар қайрап маған, Сонда да, амалым жоқ, ойлап қалам. Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында, Бір кезде алты бұрым ойнақтаған.   Кейде мен көлінде қап Қособаның, Сендердің саулығыңа тост аламын. Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де, Бақытын ойлап басқа босағаның.   Көп өтті қимас күндер белестері, Көп болды сендер жақтан жел еспеді. Өзі ұшқан ұясына қонбай кету – Япырым-ау, құстарға тән емес пе еді!   Бұл үйде әкең өтті бас иетін, Ана өтті ардақтаумен қасиетін. Бір менің маңдайыма жазылған ба, Көтеру мына төрдің қасіретін.   Қайтейін, өтсін деп ем еленбеумен, Мықтырақ болып шықты менен                                    кеудем. Мен бе деп жүрмісіңдер, әлде сендер, Көлденең көк аттыға елеңдеумен.   Бар болған кездеріңе сүйінемін, Жоқ болған күндеріңе күйінемін. Мен жалпы ақ перзенті болсам керек, Үміті үзілмейтін дүниенің.