ЖЕРҰЙЫҚ ЖАПАН ТҮЗГЕ АЙНАЛМАСЫН...

ЖЕРҰЙЫҚ ЖАПАН ТҮЗГЕ АЙНАЛМАСЫН...

ЖЕРҰЙЫҚ ЖАПАН ТҮЗГЕ АЙНАЛМАСЫН...
ашық дереккөзі
Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту басты талаптардың бірі болса да, республика аумағында игерілмей жатқан жер телімдері баршылық.  Осы ретте, 2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егістік алқаптар мен шабындықтарды, жайылымдарды тиімді пайдалану, іске аспай жатқан жерлерді анықтап, түгендеу бағытындағы жұмыстарды қолға алу туралы тапсырма берген. Әсіресе, Президент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді барынша тиімді пайдалануды міндеттеген еді.

Игерілмей жатқан жапан дала

Елбасы тапсырма бергелі біраз жылдың жүзі өткенімен, ел аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану міндеті толықтай орындала қойған жоқ. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер телімдерін түгендеу жұмыстары барысында 7,4 миллион гектар жердің игерілмей жатқандығы белгілі болды. Пайдаға жаратылмай, бос жатқан жер иелеріне тиісті шаралар қолданылғаннан кейін 3 миллион гектарға жуық жер қайта пайдаланыла бастаған. 3 миллион гектарға жуығы пайдаланылмағандықтан, мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал қалған 1 миллион гектар жерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілген-ді. Жалпы, жерді тиімді пайдалану жайы шешілмесе, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешудің де қиындық туғызары анық. Сондықтан, жерді тиімді пайдалануға бөгет болатын барлық кедергілерді жою қажет. Елдің байлығы саналатын жердің өнімділігі мен құнарлылығын жыл сайын арттырып отыратын, жерді тиімді пайдаланатын шаруалардың қолына тапсырған жөн. Десек те, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындығы жерлердің игерілмей, бос жатқан фактілері жиі тіркелуде. Өткен жылғы деректерге жүгінсек, соңғы 20 жылда егістік алқаптарының құнарлылығы 30 пайызға төмендепті. Демек, осы уақыт аралығында әрбірі 15 центнер астық беретін 7-8 миллион гектар жер тозыпкетті деуге болады. Қазір ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің көбісін отандық шаруалар жалға алып отыр. Алайда көп жағдайда олардың жер учаскесін мақсатты пайдаланбауы анықталған.   Мәселен, 2015 жылы пайдаланылмай жатқан  2,5 миллион гектар жер ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылды.  Оның 400 мың гектары егістік, 1,8 миллион гектары жайылым жерлер. Сонымен қатар, 2014 жылы жалпы аумағы 3 миллион гектар болатын 7 мың пайдаланылмайтын жер телімі анықталған. Соның ішінде 400 мың гектар егістік жерді құраса, шамамен 1,4 миллион гектар шаруа қожалығы және 1,6 миллион гектар басқа да ауыл шаруашылығы аграрлық қалыптастырулары пайдаланбаған жерлерге тиесілі.

Жайылым жерлер неге жетіспейді?

Ақтөбе облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 25 миллион гектарды құрайды. Алайда бүгінде сол жердің 4 миллион гектары пайдаланылмайды. Жер – халық игілігі. Сондықтан, жердің бос жатпай, тиімді пайдаланылуы аса маңызды. Ақтөбе облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарманың деректеріне сүйенсек, өткен жылы облыста жалпы аумағы 580 мың гектар болатын 624 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл жерлер жеке және заңды тұлғалардың иелігінде бола тұра, ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған. Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің 91,7 мың гектары – егістік, 5,4 мың гектары – шабындық, 478,3 мың гектары – жайылымдық жерлер. Өткен жылы барлығы 739,1 мың гектар жерге 665 тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде 423 заңнама талабын бұзушылық анықталған. 272 тәртіп бұзушыға әкімшілік өндіріс қозғалып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асып жығылады. Басты талап – әрбір шаруа қожалығы жер қорын мейлінше молырақ пайдалануы қажет. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жерге жақсы күтім жасалуы тиіс екендігін айтады. Ал күтім жасалмаған жерден жақсы өнім аламын деу бос әурешілік. Тағы бір айта кететін жайт, шаруалар тек егіншілікпен айналысып қана қоймай, мал шаруашылығын да естен шығармағаны абзал. Бұл екі бағытты ұстаған шаруашылықтар жақсы табысқа жетеді және жыл он екі ай бойына өз жұмысшыларын жұмыспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, облыс басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінің қолға алынып, дамытылуын және суармалы жерлерді көбейту керектігін тапсырды. «Бізге жердің өз мақсатына сәйкес пайдаланылуы маңызды. Көптеген адамдар өз бизнестерін ашқысы немесе кеңейткісі келеді, бұл үшін оларға жер керек. Ауылдық жерлерде қазір шабындықтар мен  жайылымдықтар жетіспейді. Бұл мәселені біз тиімді түрде шешуге тиіспіз», – дейді Бердібек Машбекұлы. Ал Жамбыл облысында өткен жылы жер пайдалану саласында 518 тексеру жүргізіліп, 231 заң бұзушылық анықталған. 120 тұлғаға 19,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жерді ұтымды пайдалануға ең әуелі жылдар бойы айналымнан шығып қалған егістік жерлерді ұқсату жұмыстарының жүзеге аспауы кедергі болып отыр. Мұндай жерлер Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының бұрынғы суармалы егістіктерінде орын алған. Ал бұған алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы әсер етуде. Осының салдарынан ұсақ шаруашылықтар суармалы егістік жерін пайдалана алмай, мемлекет меншігіне қайтаруға мәжбүр. Кейбір аудандарда жекелеген суармалы жерлер жайылымдықтарға айналып, осының әсерінен егістік жерлердің біраз бөлігі жоғалған. Мәселен, Байзақ ауданының Кеңес ауылында 1500 гектар, Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында 1 мың гектар игерілмей бос жатқан егістік жерлер бар. Талас ауданында да ұзақ жылдардан бері игерілмеген алқаптар жеткілікті.

Суармалы жерлерді пайдалану

Жоғарыда сөз болған суармалы жерлерді пайдалану – ауыл шаруашылығы саласында маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі уақытта еліміздегі суармалы жер көлемі – 2 миллион 400 мың гектар. Өкінішке қарай, сол жердің 40 пайызы айналымнан шығып қалған. Өткен жылдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылға дейін 610 мың гектар суармалы жердің айналымға енгізілетіндігін мәлімдеген болатын. «2021 жылға дейін 610 мың гектар аумақтағы тұрақты суғарылатын жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жоспарлануда. Атап айтқанда, Алматы облысында – 127 мың гектар, ОҚО – 99 мың, Шығыс Қазақстан облысы – 92 мың, Жамбыл облысы – 86 мың, Батыс Қазақстан облысы – 40 мың, Павлодар облысы – 30 мың, Ақтөбе облысы – 29 мың, Қызылорда облысы – 29 мың, Қарағанды облысы – 28 мың, Солтүстік Қазақстан облысы – 28 мың және Атырау облысында – 22 мың ектар суармалы жер қалпына келтірілмек», – деген болатын Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев. Сонымен бірге, оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында 368 мың гектар аумақтағы көлдетіп суару жерін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында 163 мың, Шығыс Қазақстанда 56 мың, Ақмола облысында 44 мың, Ақтөбе облысы – 41мың, Атырау облысы – 36 мың, Павлодар облысы – 24 мың және Қарағанды облысы – 4 мың гектар. Бұдан басқа, ескірген коллекторлық-дренаждық желілерді қалпына келтіру жоспарлануда. Оның жалпы ұзындығы 13,2 мың шақырым, вертикальды-дренажды саңылау 955 дана болады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің деректері бойынша, еліміздегі суармалы жердің жалпы көлемі 1991 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтерге сәйкес 2 миллион 335 мың гектар болған. Ал бүгінгі таңда суармалы жер ретінде пайдаланылып жатқаны 1 миллион 398 мың гектарды құрайды. 610 мың гектар жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, қалған 327 мың гектар жер бұрыннан тиімсіз  пайдаланылып келген. Бүгінгі таңда көптеген жерлерді суармалы жер жасап, пайдаланудың қажеті жоқ. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақ далаға жақындау Созақ ауданында 800-900 метр жерастынан су шығарып, пайдаланылған. Осы сияқты жерлердің есебінен және өте қатты сорланып кеткен, бүгінгі күні оны пайдалану үшін өте мол қаржы шығаруды қажет ететін 327 мың гектардай жерді қазіргі күні пайдаланудың қажеті жоқтығын айтады мамандар. Экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел мырзаның материалдарына сүйенсек, суармалы жердің бір гектары тиімді пайдаланылса, бір отбасын асырайды екен. Демек, 1 миллион 400 мың гектар жер 1,4 миллион отбасының жағдайын жасайды. Осы тұрғыда суармалы жерлерді қалпына келтіруде мемлекеттің қолдау көрсетуі заңдылық.

2065 жылы егістік жерлер жойылып кетуі мүмкін

Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің түрлері мен сапасы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Мәселен, бір кезде сапасына орай, мал жайылымы саналған жерлерді жыртып, егіске пайдалану орын алған. Кейбір жыртуға лайық жерлердің қараусыз  қалғаны тағы бар. Танымал қазақстандық топырақ зерттеуші Владимир Бобровтың деректеріне сүйенсек, 2015 жылғы баланс көрсеткіштерін қайта тексеру қажет екен. Өйткені  1992 жылы 40,7 миллион гектар жер жыртылған болса (35 миллион гектар егістік, 5,7 миллион гектар жаңартылған мал жайылымы), 2015 жылы бұл көрсеткіш 36 миллион гектар деп көрсетілген (25 миллион гектар егістік, 5 миллион гектар бос жатқан жер, 6 миллион гектар жаңартылған жайылым). Яғни, 5 миллион гектар бос жатқан жер жетіспейді. Сондай-ақ, жерді тиімді пайдалануды бақылау жөніндегі Жер ресурстарын басқару агенттігі жабылып қалған соң жағдай тіпті ушығып кетті. Оның аймақтық инспекциялары да жабылып, әкімдіктерге берілді. Соның салдарынан жергілікті  атқару органдары жерді өздері беретін, өздері қайтып алатын заңға қайшы әрекеттерге жол берілді. Ал бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану үшін әуелі жағдай жасалуы керек. Өткен жылы Жер комиссиясының кезекті отырыстарының бірінде Жақсылық Үшкемпіров бос жатқан жерлерді пайдалану үшін инвесторларды тарту қажеттігін тілге тиек еткен. «Неге біз шетелдік ауыл шаруашылығы тауарларын импорттай береміз? Неге біз ақшамызды сыртқа шашамыз? Бұлай болмайды. Біз қайта инвестор тартып, жерге жан бітіріп, күтіп-баптап, мақсатты пайдаланып, өз өнімдерімізді экспортқа шығаруымыз керек. Ол үшін үкімет Жер кодексін қайта қарап, кейбір баптарына расымен түзетулер енгізіп, жерді отандық кәсіпкерлерге жекеменшікке беруі керек. Сонда ғана кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласына толық бет бұрады», – деген болатын. Сонымен қатар, билік басындағылар шаруа қожалықтарына барып, ондағы жағдайды өз көздерімен көріп, танысуы қажет. Шаруалар жерді игеруі үшін оларға мықты техника қажет екендігі даусыз. Өкінішке қарай, қарапайым шаруалар техникаларының ескіргендігін айтып, үнемі шағымданып жатады. Ал техникасын жаңалау үшін несие алайын десе, ол да оңай шаруа емес. Несие алу үшін шаруалар кепіл қоюы керек. Кепілге қояр заты жоқ шаруа қайтадан жұмысын ескі-құсқы техникамен жалғастырады. Жер босқа пайдаланылмай жатпауы тиіс. Себебі жер – халық қазынасы. Ал халық қазынасы тиімді пайдаланылмайтын болса, 2065 жылы Қазақстанда егістік жерлер мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Мұндай болжамды «Тайынша Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Анатолий Рафальский жасаған-ды. Жер құнарсыздануының статистикасын ол өзі егіншілікпен айналысатын Солтүстік Қазақстан облысының мәліметтеріне сүйеніп жасап отыр. А.Рафальскийдің келтірген деректері бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында 7,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар. 1991 жылдан бері оның көлемі 1,8 миллион гектарға азайып кеткен. Ал егістік жерлер өңірде шамамен 4,8 миллион гектарды құрайды, ол 25 жылда 518 мың гектарға азайып отыр. «Бұнда тек сандар сөйлеп отыр ғой. Негізінде құнары аз жерлердің көлемі артуда. Бұндай үдеріс барлық аудандарда орын алып отыр. Егер бұл ары қарай жалғаса берсе, егер біз ешқандай шара қолданбасақ, 2065 жылға қарай біз тіпті егістік жерлерімізден айырылып қаламыз. Сондықтан тезірек шара қолдануымыз шарт», –  деген болатын А.Рафальский. Бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлар кезіндегі көлемі үлкен егістік алқаптар қазіргі кезде ұсақталып кетті. Осындай жер телімдері иелерінің көп жағдайда материалдық базасы мен қаржылық жағдайы нашар болып келеді. Сол себептерге байланысты егіншілік мәдениетінің төмендегені рас. Жер тозып, құнары азайып бара жатқанын жұрт көзімен көріп жүр. Шындығында, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мен оның құнарын сақтау бірден оңай шешіле қоймайды. Сондықтан, ауыл шарушылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға көп болып атсалысқан абзал.