Мәулен Әшімбаев Ресейдің Қазақстандағы Елшісіне көңіл айтты
Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне барды, деп хабарлады turkystan.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Палата Спикері Мәскеу облысында болған лаңкестік оқиғаға байланысты еліміздегі Ресей Елшісіне көңіл айтты. Сондай-ақ көңіл айту кітабына жазба қалдырып, гүл шоғын қойды. Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті.
Сенат Төрағасы Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен сұхбат барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптағанын және лаңкестікке қарсы күресте Ресеймен бірге екенін растағанын айтты.