Елімізде 5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі
Ол асқынған жағдайда өкпенің қабынуы, мидың қабынуы секілді салдарға әкеледі
Қазақстанда көкжөтел бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай сақталуда, деп хабарлады turkystan.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, 14 жасқа дейінгі балалардың арасында көкжөтелдің 392 жағдайы тіркелді. Оның 90%-дан астамы 5 жасқа дейінгі балалар арасында байқалып отыр.
Көкжөтел жағдайдарының көбеюі ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты. Ол ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде таралады. Инфекцияның көзі – екпе алмаған балалар. Вакциналау – инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы. Жоспарлы екпені тұрғылықты мекенжай бойынша емханадан алуға болады.
Алдымен балада жалпы суық тиюдің белгілері болады: мұрыннан су ағады, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстама тәрізді болады және бірнеше рет қайталанады. Ол асқынған жағдайда өкпенің қабынуы, мидың қабынуы секілді салдарға әкеледі.
Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Көкжөтелге қарсы екпе баланың 2 айлығынан бастап, 3 және 4 айлығында үш рет салынады. Сондай-ақ 1,5 және 6 жасар балаларға ревакциналау жүргізіледі.