СҚО-да кәсіпкерлер ішімдік сатудан бас тартты

Былтыр және биылғы жылдың басында ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

СҚО-да кәсіпкерлер ішімдік сатудан бас тартты
polisia.kz

СҚО-да учаскелік инспектордың және ақсақалдардың өтініші бойынша кәсіпкерлер бір айға ішімдік сатудан бас тартты, деп хабарлады turkystan.kz.

Тайынша ауданы Абай ауылдық округінің Қарағаш ауылында учаскелік полиция инспекторы, имам және ақсақалдар кәсіпкерлерге мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айына ішімдік сатудан бас тартуды ұсынды. Олар бірлесіп ішімдіктің саудасына лицензиясы бар дүкен иелерімен әңгімелесті.

«Кәсіпкерлер ақсақалдардың ұсынысына оң көзқараспен қарады. Айта кету керек, Қарағашта ішімдік көптен бері сұранысқа ие емес», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Полиция қызметкері Бекболатовтың айтуынша, өткен және биылғы жылдың басында ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, 2019 жылдан бастап ол осы округке қызмет етіп келеді – дәл сол жылдан бастап Қарағашта мас күйінде жасалған бірде-бір қылмыс болған жоқ.

Сондай-ақ Руслан Бекболатов ақсақалдар кейбір Солтүстік Қазақстан ауылдарының ішімдіктен толық бас тартуының оң тәжірибесі туралы жақсы білетінін және туған Қарағашты СҚО ішпейтін ауылдарының тізіміне қосуды күтетіндігін атап өтті.