Полиция зейнеткерлерге үндеу жасады
Зейнетақы мәселесін зерделеумен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр.
Полиция ведомствосында ішкі істер органдары зейнеткерлеріне үндеу жасалды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Құрметті зейнеткерлер! Бүгінгі таңда базалық зейнетақы тағайындауды қайта бастау, 1998 жылдан кейін қызметке қабылданған және 2016 жылға дейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысын индекстеу, зейнетақы жинағын алу сияқты маңызды әлеуметтік мәселелер бар екенін білеміз. Бұл мәселелер толық зерделеуді қажет етеді. Мұнымен арнайы жұмыс тобы айналысуда. Оған Ішкі істер министрлігінің өкілдері де кіреді. Бұл сұрақтар бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жоспарлы және тұрақты негізде шешілуде. Мәселен, былтыр шілде айынан бастап барлық зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту және ем алу үшін шешіп алуға мүмкіндік берілді. Зейнеткерлердің негізгі бөлігі осы құқықтарын пайдаланып үлгерді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1998 жылдан кейін қызметке қабылданған және 2016 жылға дейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысын индекстеудің құқықтық мәселесін пысықтауда. Бұл заң жобасын биыл 26 ақпанда Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады. Сіздер көтеріп отырған базалық зейнетақы мәселесі де шешілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылға дейін және одан кейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысындағы дисбалансты жою үшін түрлі тәсілдерді қарастыруда. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан барлық қажетті есептерді ұсынып отыр. ІІМ өзінің зейнеткерлеріне құрметпен қарайтынын және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға белсенді қатысатынын атап өту қажет», – деді ІІМ қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Рүстем Тұрсынбаев.