Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні

Әлихан Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды.

Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні
Әлихан Бөкейхан. Фото: qazaquni.kz
1300

«Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 158 жыл толды.

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) дүниеге келген. Әкесі Нұрмұхамет Әлиханды 9 жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралыдағы үш жылдық училищеге түсіп, үздік бітіріп шығады. Осылайша 16 жасында Омбының техникалық училищесіне түсіп, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады. 

Әлихан Бөкейхан - миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. Алайда большевиктердің езгісіндегі өзге ұлттармен бірге қазақтар да ХХ ғасырдың басында өз тәуелсіздігін ала алған жоқ. Қызыл террормен билік басына келген большевиктер қазаққа тағы да 70 жыл бодандықтың қамытын кигізді. 

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді.

Серіктес жаңалықтары